Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мәселе ақшада емес": Аманжол Рысмендиев табысқа жетудің құпиясымен бөлісті

Опубликовано:

Бүгінде 25 жасында миллионер атанған Аманжол Рысмендиевті білмейтіндер кемде-кем. Қазақ тілді әрі халықаралық деңгейдегі бизнес-тренер Брайн Трейси, Роберт Киосаки, Стивен Кови сынды тұлғалардан дәріс алған. Ал бүгінде тренингтік компания ашқан ол көпшілікке табысқа жетудің құпиясы мен кәсіпкерліктің қыр-сырын түсіндіріп жүр. Ол энергияны қайдан алады? Халық арасында танаымал болуының себебі неде? Осы сұрақтарға жауап табу үшін KAZ.NUR.KZ тілшісімен тілдескен Рысмендиевтің сұхбатын қаз-қалпында назарларыңызға ұсынамыз.

Фото: businessmir.kz
Фото: businessmir.kz: Twitter

-Сіз көп жұмыс істеу үшін энергияны қайдан және қалай аласыз?

-Бүгінде заманауи зерттеулер нәтижесі адамның жетістікке жетуі ақыл-парасатынан гөрі, энергиясына байланысты деп тұжырымдауда. Бұл ойға мен толық қосыламын. Өйткені, кітап оқу үшін де, ізденіс жасау үшін де, көп еңбек етіп, елден ерте тұрып, кеш жату үшін де, арман-мақсаттың жолында жаныңызды салып, теріңді шелектеп төгі үшін де энергия керек. Энергия алудың да өз көздері бар. Ұстазымның бірі Энтони Робинсон "әлемде жалқау адамдар жоқ, тек мақсаттары шабыттандырмайтын адамдар" бар демей ме? Сондықтан, бірінші арман-мақсатымнан аламын.

Екіншіден, өсімдіктің жақсы өсуі ортасына, климатына байланысты. Сол сияқты энергияны мені қоршап жүрген, жақсы қарым-қатынас жасайтын, позитивті достарымнан аламын. Үшіншіден, білімнен. Өйткені, кітап оқып, жаңа тренингтерге қатысқан сайын күш-жігер жиналады. Төртіншіден, энегриямның көзі-намыс. Мен сияқты біреу істеп жүрген жұмысты мен неге істемеймін?" деп өзімді шабыттандырамын.

-Мотиваторлар арасында Рысмендиевтің ерекшелігі қандай?

-Қазір бизнес-тренерлік сабақтарды қойғанмын. Бірақ, арасында кейбір форумдарда өз шеберлік сағаттарымды өткізіп жүрмін. Біз ақпараттың барлығын шетелден қабылдаймыз ғой. Өз ойымша, менің ерекшелігім сол ақпаратты қазақы менталитетке ыңғайлап, бейімдеп беруімде. Екіншіден, мен үшін оратор өз білімімен қатар, энергиясымен де бөліседі. Сондықтан, өзге ораторларға қарағанда сахнада жер тепкілеп тұрып жанымды салатыным бар.Үшінші ерекшелік, кез келген ақпаратымды кез келген аудиторияға түсіндірген методикамды міндетті түрде шариғатпен, табиғатпен және ғылыммен, содан кейін қазақтың дәстүрімен, өз өміріммен байланыстырамын.

-Аудиторияңыздың портреті?

-Менің аудиториям көбіне қазақша және азаматша көзқарас танытатын, яғни, қазақша ойлайтын аудитория. Кейде қазақтілді болғанмен, оның жаны қазақ деп айта алмаймыз. Ал менің аудиториям жаны қазақ, өрлеймін, көтерілемін деген талпынысы бар, жүрегінде өмірімді өзгертсем деген намысы бар, кәсіпкер боламын деген тұлғалар мен кәсіпкерлер. Бұл бұрынғы аудиториям. Ал қазір халықаралық "Көшбасшылық және менеджмент" академиясын ашқалы бері менің аудиториямда көбіне басышылық қызметтегі азаматтар бар. Олар әкім орынбасары, депутаттар, кәсіпкерлер, командасы бар басшылар.

Фото: kyn.kz
Фото: kyn.kz: Facebook

-Қазақ халқының бойындағы артықшылықтар мен кемшіліктер туралы ойыңыз?

-Өзге ұлтқа қарағанда қазақтың қаны қасиетті әрі сапалы. Жалқаулығымызды жеңіп, бойымызда тулап жатқан энергияны, қасиетті оята білсек, көп асуды бағындыруға болады. Менің ойымша, қазақ ТМД мемлекеттерінің ішінде тез бейімделгіш халық. Біз көп нәрсеге тез бейімделіп, үйреніп кете аламыз. Ең үлкен кемшіліктің бірі көп қазақ бауырларымыз "Мен бәрін білемін", "Өз ойым бар" деп ойлайды. Ол нағыз тәкаппарлық. Ол ойы негізсіз болса да, өз пікірін айтуға дайын жүреді.

Екінші кемшілік, қазақтың көп жігіттері біріге алмайды. Абылайханның кезінде проблема болған бірлік қазіргі қоғамда да проблема. "Ортақ өгізден оңаша бұзауым артық" дегендей, "өзім істесем", "мен, мен, мен" деп тұрады. Сондықтан, үлкен кәсіпорындар пайда бола алмай жатыр. Туыстар да баяғыдай емес. Негізі, "Бір жағадан бас, бір жеңнен қол" шығаратын қазақ едік. Ал бүгінгі қазақ қоғамы "Аққу, шортан һәм шаянның" күйін кешіп жүр.

-Кітап бизнесі туралы айтып өтсеңіз, осы күнге дейін шыққан туындыларыңыздың таралуы қалай? Әлі бөлісер ойларыңызды кітапқа түсіру ойыңызда бар ма?

-Бүгінде жеті кітаптың авторымын. Қателеспесем, 200 мыңдай данамен таралды. Ондағы мақсат ақша тауып, байып кету болған жоқ. Негізгі көздегенім елге кәсіп бастауға, мотивацияға қатысты қазақи менталитетке бейімделген, қазақы ақпаратпен жабдықталған қазақша кітаптарды тарту ету еді. Ол мақсатыма жеттім. Кітаптарым көптеп оқылуда. Қазақ "Артық білім кітапта" дейді. Сондықтан, бүгінгі таңда өсемін деген кәсіпкер кітап оқымай, үлкен жұмыс атқара алмайды.

Мен өзім мыңға жуық кітап оқыдым. Бірақ орысша немесе жартылай ағылшын тілінде. Қазір қазақ аудиториясына арналған қазақша кітап жоқ. Екіншіден, әлеуметтік желі пайда болғаннан бері кітап оқуға ерініп немесе уақыт таппай жүрміз. Осы екі мәселені шешу мақсатында біз "Айат аудио" атты мобильді қосымша аштық. Ол қосымшада 50 шақты автордың, миллардердің, бизнес-философтың қазақ тіліндегі аудио-кітаптары жинақталған. Кез келген адам өзіне жүктеп, тыңдауына болады. Бір апта тегін, одан кейін айына 3-4 мың теңге.

Фото: baribar.kz
Фото: baribar.kz: Twitter

-Көпшілік, әсіресе ауыл қазағы демалысқа уақыт қимайды. Жылына бір алатын еңбек демалысында үй жөндейді, қора салады. Сіз жиі демалысқа шығасыз...

-Еврейлер "Дұрыс демалмаған адам дұрыс жұмыс істей алмайды" дейді. Мен аз демалатын адаммын, бірақ жылына 2-3 рет өзіме бір апталық демалыс жариялаймын. Әрине, демалмасқа болмайды. Отбасыңа да уақыт бөлу керек. Бірақ, не үйін алмай, жағдайын жасамай, жақсы жұмыс істемей, демалысты ойлайтын адамдарды еш түсінбеймін. Менің ойымша, адам өз арман-мақсатына жеткенше, өзін материалды тұрғыда толыққанды қамтамасыз еткенше күн- түнді білмей жұмыс істеу керек.

-Білетіндер ақшаң болмаса, бизнес бастап әуре болмау керегін айтады. Расымен көк тиынсыз бірдеңе жасау мүмкін емес пе?

- "Ақшаң болмаса, кәсіп істей алмайсың" дейді. Бірақ, мықты кәсіпкер болу үшін ақшадан бұрын адамға білім, идея, қабілет пен мінез керек. Егер жақсы идеяң болса, ол идеяң жүйелі түрде жоспар ретінде қағазға түссе, өзге адамды сендіре алатын қабілетің болса, инвестормен ақшаны сөзсіз табуға болады. Қоғамда жақсы идея іздеп жүрген, өзіне ақшасынан бұрын білімі бар, қабілеті бар әріптес іздеп жүрген кәсіпкерлер бар. Сондықтан, мәселе ақшада емес, ақшаны жасайтын адамның қабілеті мен білімі.

Егер тренингтерге қатысып, кәсіпкерлік мінез бен қабілетті дамытса, кез келген адам қалаған сомасын таба алады деген ойдамын. "Кәсіпкерге қандай мінез керек?", "Мақсаттарға қалай тез жету керек?" деген сөз аудиторияны ойландырса, 16 қараша күні Алматы қаласы Республика сарайында өтетін "Сапалы өмір сүрудің философиясы" рухани форумына шақырамын. Ол форумда "Қалай мақсатқа тез жетуге болады?", "Қалай ақшалы болуға болады?", "Қалай кәсібіңнің тасын өрге дөңгелетуге болады?" сынды мәселелерді қозғамақпын. Менен де басқа ораторлар болады. Олар да өз тәжірибесімен, білілімен бөліседі. Бұл өте үлкен жоба болмақ.

-Нетворкинг деген түсінік бар. Тума-туыс, ағайын бар. Осы екі ұғымды сабақтастыру мүмкін бе?

-Бұл ұғымның мағынасын достасу, тіл табысу, әріптестер табу деп ашуға болады. Ол бүгін "нетворкинг" деп керемет естіліп жүр. Бірақ, оны біздің қазақ "Айналаңды таспен қоршама, доспен қорша", "Досы көпті жау алмас" деп баяғыда айтып кеткен. Ал жалпы қазақ қоғамының өзі тіл табысу мен достасуға негізделген. Бабаларымыз осы жерді "найзаның ұшымен, білектің күшімен" алып қалды деп айтамыз. Екінші жағынан қарастырсақ, қазақ елінің шекарасы толық болып тұруы қазақ қоғамын басқарған хандар мен билердің өзгелермен тіл табыс алғанының, көршілермен дос бола білгенінің арқасында деп ойлаймын.

Өсемін деген, өрлеймін деген адамның досы көп болуы керек. Ал ол үшін кеңпейіл болуы қажет. Қазақта "Сатып алсаң, адамның көңілін сатып ал" дейді. Ал өзгенің көңілін сатып алып, дос бола білу үшін адам кең болып, қажет кезде көмектесіп, керек сәтте сыйлығын бере білу қажет. Ол біздің қанымызда бар қасиеттер.

-Бизнес жасап, сүрінген адамға айтар ақылыңыз

-Табиғаттың заңы ғой, қателеспейтін адам жоқ. Бәріміз қателесеміз. Бір күні құлаймыз, ертең тұрамыз. Бұл өмірде қателесу күнә емес. Қателесіп тұрып, өз қатеңнен сабақ алмау жаман. Сондықтан, кәсіпкерлерге айтарым, ең бастысы, қайтпау қажет. Тұру бар жерде құлау бар, жетістік бар жерде сәтсіздік бар. Екінші, сәтсіз қадамдардан сабақ алуды біліңіз. Бүгінгі тәжірибе болашақта кез келген жобаны сәтті жасауға көмектеседі. Адам білімсіздіктен қателеседі. Сол үшін "мен білемін" деп көкірек қақпай, түрлі тренингтерге қатысып, кітап оқып, өз-өзін дамыту керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1826157-msele-aksada-emes-amanzol-rysmendiev-tabyska-zetudi-kpiasymen-blisti/

pixel