"Ыңғайлы уақытта": Тоқаев Иранның Сыртқы істер министрін елордаға шақырды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында «Astana Club» халықаралық пікірталас алаңына қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласына келген Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхаммед Джавад Зарифті қабылдады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Фото: Ақорда
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен перспективасын, сондай-ақ, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қазан айында Ереванда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес аясында президент Хасан Руханимен табысты келіссөз жүргізгенін айтты.
Қазақстан президенті ирандық әріптесінің Нұр-Сұлтан қаласына өзіне ыңғайлы уақытта сапармен келуін күтетінін жеткізді.
Мұхаммед Джавад Зариф өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өзіне көрсетілген қонақжайлылық үшін алғыс айтты.
Иранның Сыртқы істер министрі «Astana Club» жұмысынан алған әсерімен бөлісе отырып, Қазақстанның Тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың форумның пленарлық отырысындағы баяндамасын және жиынның сындарлы атмосферасын жоғары бағалады.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдаған болатын.