Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тапсырыс болған": Манзоров өзіне қатысты қозғалған қылмыстық істерге түсінік берді

Опубликовано:

Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Манзоров өзінің үстінен қозғалған үш бірдей қылмыстық істің мән-жайын айтып берді деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бағдат Манзоров. Фото: baribar.kz
Бағдат Манзоров. Фото: baribar.kz: UGC

Басылымның мәліметінше, бірінші қылмыстық іс бойынша Бағдат Манзоров екі кәсіпкерден пара ретінде жер телімін алған деп айыпталды. Ол кезде Манзоров Алматыда мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын басқарған. Алайда, шенеуніктің өзі бұның қып-қызыл жала екенін айтып отыр.

"Мен бұл адамдарды өмірімде екі-ақ рет көргем. Олар мүлдем бейтаныс адамдар, менің қызымның сыныптастары. Қызым былтыр олардан жер телімін сатып алған. Жердің қайда екенін де білмеймін", – дейді ол.

Екінші қылмыстық іс те шенеуніктің аталған басқармадағы қызметімен байланысты.

"Бұл іс те қолдан әзірленген. Бір тұрғын арыз жазып, оның көршісіне менің заңсыз көмектескенімді айтыпты. Көршісі құрылыс нормаларын бұзған көрінеді, мен ешқандай шара қолданбаппын. Сондықтан ҚР қылмыстық кодексінің 366, 361 және 370-баптары бойынша үстімнен қылмыстық іс қозғауын сұраған. Тергеуде бұл дәлелін таппады. Өйткені, біз 3 жылдан бері жеке секторды тексермейміз. Ал, оған дейін біздің басқарма сол көршісіне қатысты сотқа шағым түсіріп, оны екі рет айыппұлмен жазалаған. Мұны да көрсеттім. Мен ешкімге "қамқорлық" жасамадым", – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары.

Үшінші қылмыстық іс бюджет қаржысын жымқырды деген себеппен қозғалған.

"1999 жылы Көксу ауданында мен әкім орынбасары қызметін атқарғам. Сол кезде бюджеттен 30 миллион теңге ұрладың деп айыптады. Міне, тіпті осындай да арыз түсті менің үстімнен. Содан кейін Көксу ауданында мен ГЭС құрылтайшысы болдым, марқұм Жанайдар Егімбаев та құрылтайшы болды. Сол екеуміз 30 миллион теңгені бірге жымқырыппыз. Бұл қолдан жасалған іс. Мұндай қылмысқа менің еш қатысым жоқ", – дейді ол.

Бағдат Манзоров бұл қылмыстық істердің артында белгілі бір адамдар тұруы мүмкін екенін жеткізді. Айтуынша, қазір ол адамдардың кім екенін анықтап жатыр.

"Әзірге нақты кім тапсырыс бергенін білмеймін. Бірақ, қасақана жасалғаны анық. Қазір олардың кім екенін анықтап жатырмыз", – деді шенеунік.

Оның сөзіне қарағанда, қазір аталған қылмыстық істерге қатысты шаралар әлі аяқталмаған. Аяқталғаннан кейін ол өзіне арыз жазғандарға қарсы арыз түсірмек.

"Іс әлі толық жабылған жоқ, бірақ жабылуға жақын қалды. Содан кейін заңгерлермен кеңесіп, маған жала жапқаны үшін сол арызданушылардың өздеріне қарсы арыз түсірем. Олардың екі-үшеуімен сөйлестім, қателескендерін айтып отыр. Менің ойымша тапсырыс болған. Естеріңізде болса, 1 апта-10 күндей маған қарсы ақпараттық шабуыл жүрді, жалған видеолар тарады, үйінде ақша толы, қыздары "хан сарайында" тұрады екен деп әсіресе, ресейлік сайттар ақпараттар жариялады. Оларды да сотқа бермекпін", – дейді Манзоров.

Еске сала кетейік, осыған дейін желіде Манзоровтың қыркүйек айының соңында ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Кейіннен бұл мәліметті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі растады.

Бұдан кейін Манзоровтың аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп күдіктеліп, үй қамақта отырғаны белгілі болды.

28 қазанда Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Манзоровқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1827096-tapsyrys-bolgan-manzorov-stinen-kozgalgan-kylmystyk-ister-turaly-asyp-ajtty/

pixel