RU
"Өзі үшін өмір сүреді": Ақтаулық келіншек сәнқой енесі жайлы айтып, мұңын шақты

"Өзі үшін өмір сүреді": Ақтаулық келіншек сәнқой енесі жайлы айтып, мұңын шақты

Рассказать Вконтакте

Ұлы таяуда ғана бір жасқа толған Ақтау қаласының тұрғыны бүгінде декреттік демалыстан шығып, жұмысына оралып, қаржы тапқысы келеді. Алайда балаға қарайтын адамның жоқтығы қол байлау болып отыр. Келіншектің енесі немересін тәрбиелеудің орнына сұлулық салондарына барып, өзіне күтім жасағанды жөн санайды екен. Күйеуінің анасынан қолдау таппаған келін іштегі сырымен бөлісті деп жазады KAZNUR.KZ.

Көрнекі фото: pixabay.com

Көрнекі фото: pixabay.com

Самалдың (кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді) бүгінде жасы жиырма алтыда. Жас келіншек осыдан екі жыл бұрын сүйіктісіне тұрмысқа шыққан. Үйлену тойынан кейін енесімен бірге бір шаңырақта тұрып келеді. Әйел адам келініне ешқашан ақыл айтып, үй шаруасына араласпаған. Жасы келіп отбасын құрған бойжеткенге асхананы сеніп тапсырған екен.

"Күйеуімнің әкесі ертеректе қайтыс болып кеткен. Енем өмір бойы қызмет жасап, басшылық еткен кісі. Маған ешқашан дауыс көтеріп, бітірген тірлігімнен қателік іздеген емес. Бастапқыда қатты қуанып жүретінмін. Бірақ аяғым ауырлаған кезде үйдің шаруасын жалғыз атқару оңай болмайтын болды. Оның үстіне ол кезде өзім мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Енем ешқашан маған көмектесіп, жәрдем жасаған емес. Іштей қатты өкпелеп, ренжитінім рас", - деп бастады әңгімесін Самал.

Жас келіншек сәбиін босанғаннан кейін де енесінен айтарлықтай қолдау көрмегенін айтады. Күйеуінің анасы көп жағдайда өзге қаладағы туысқандарына қыдырып, бос уақытын демалысқа арнағанды ұнатады екен. Жиі сұлулық салондарына барып, өзінің келбетіне көп көңіл бөлгенді жөн санайтын көрінеді. Самал бастапқыда енесінің бұл әрекетін құптайтын болса, қазір қамқор әжеге мұқтаж екенін мойындайды.

"Кімнің үйіне барсам да, әжесі немересін ойнатып, мәпелеп отырады. Тіпті келініне туған баласын бергісі келмейтін кісілерді де көзіміз көріп жүр. Бірақ біздің үйдегі жағдай мүлдем басқаша. Енемнің күніне бір сағат қана немересіне қарауға шыдамы жетеді. Шаршап кеткен соң, маған ұстатып өзі бөлмесіне кіріп кетеді. Күйеуім екеуміз қонаққа барып, қыдырудан қалдық. Күндіз шомылып шығу үшін үйіме сіңілімді шақырып аламын", - дейді жас келіншек.

Өткен айда ұлының "Тұсаукесер" тойын өткізген Самал, ендігі кезекте жұмысына оралғысы келеді. Оның үстіне күйеуінің тапқан ақшасы отбасылық шығында толықтай өтеуге жете бермейді екен. Ай сайын келіп тұратын несиені де уақытында төлеу керек. Алайда, ұлына бір мезгіл қарайтын адам жоқ. Енесі немересін бағудан бас тартыпты.

"Енеме немереңізге қарай тұра аласыз ба деп өтінген едім. Өзіме ұрысып берді. Баланы өзіміз үшін туғанымызды бетіме айтып тастады. Зейнетке шыққанда демалып, басқа қалаларды аралағысы келетінін жеткізді. Шыны керек, төбемнен жай түскендей болдым. Немересі құдды бір бөтен адам сияқты. Күйеуіме шағымданып, жылап алдым. Бірақ азаматым өзінің анасын қолдап отыр. Ол да жасы келген шешесінің тыныққанын қалайды", - дейді ақтаулық келіншек.

Қазір Самал қызметі қолжетімді бағадағы бала күтушісін іздестіріп жатыр. Алайда бөтен адамға ұлын сеніп тапсырғысы келмейді.

Жұбайы да бейтаныс адамның үйде жүргеніне қарсы. Күрделі мәселенің шешімін таппай жүрген келіншек әлі де енесінен үмітті екенін жасырмайды.

Сіздің реакцияңыз
6
1
1
1
2
9
3
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel