RU
"Мас болып келеді": Талдықорғандық әйел қайын атасынан әбден мезі болғанын айтты

"Мас болып келеді": Талдықорғандық әйел қайын атасынан әбден мезі болғанын айтты

Рассказать Вконтакте

Талдықорған қаласының Перизат есімді тұрғыны қайын атасының әбден шаршатып жібергенін айтып, мұңын шақты. Егде жастағы азамат күнделікті ішімдікке сылқия тойып келіп, жанжал шығарады екен. Жас келінін балағаттап, немерелерімен бірге түн ортасында үйден қуып жіберетін көрінеді. Екі балалы жас ана күйеуіне талай рет шағымданғанымен, ештеңе өзгеретін емес. Ендігі кезекте Перизат отбасымен бірге бөлек көшіп кеткісі келеді. Бірақ күйеуі әкесін жалғыз қалдырып кете алмай жүр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: oka.fm

Көрнекі фото: oka.fm

Перизат жиырма төрт жасында тұрмысқа шыққан. Бастапқыда енесінің тәрбиесін көріп, үй шаруасын дөңгелетуді меңгеріп алған. Бірақ бірнеше жылдан кейін күйеуінің анасы айықпас дертке шалдығып, көп ұзамай бақилыққа аттанған. Қайғылы қаза отбасы мүшелерін есеңгіретіп тастаған екен. Әсіресе жас келіншектің қайын атасы өмірлік жарынан айырылып қалғанына қатты қайғырған. Осы жағдайдан кейін ішімдікке әуестеніп, үйге жиі мас күйінде келетін болыпты.

"Азамат екеуміз қолымыздан келгенше, әкемізге қолдау білдіруге тырыстық. Күйеуім қайын атаммен жиі сөйлесіп, арақ ішуін доғаруды өтінді. Келіні мен немерелерінен ұялуды сұрады. Бірақ уақыт өткен сайын жағдай ушығып бара жатыр. Бұрын ол кісі ішіп келсе де, бірден ұйықтап қалатын. Қазір айқай іздеп, жанжал шығаратын болды. Мұндай кездері балаларым қатты шошып, жылап қалады", - дейді Перизат.

Перизаттың күйеуі вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Азамат үйде болмаған кезде жас келіншек ерекше қиналатынын мойындайды. Сеьебі, мұндай күндері мас болып келген қайын атасынан қорғайтын адам болмай қалады екен. Осыдан біршама уақыт бұрын күйеуінің әкесі кезекті рет жанжал шығарып, тіпті түн ортасында келінін балаларымен бірге үйден қуып жіберген.

"Сол күні атам үйге достарын шақырып, карта ойнады. Үйдегі шудан балаларым ұйықтай алмай, қатты мазасызданды. Мен қайын атама барып, отырыстың тым ұзаққа созылып кеткенін айтқан едім. Сол кезде күйеуімнің әкесі ашуға булығып, балаларыммен бірге үйден қуып шықты. Түн ортасында қайда барарымды білмей, көршімнің үйіне қонуға мәжбүр болдым. Таңертең өзімнің төркініме кетіп қалдым. Азамат вахтадан келген соң, әкесі үшін кешірім сұрады. Қайтадан үйімізге оралдық", - дейді жас келіншек.

Перизат үйіне барған соң қайын атасы да келінінен кешірім сұраған. Артық әрекеті үшін айыпты екенін айтып, енді ішімдік ішпеуге уәде беріпті. Ай сайын алатын зейнетақысын немерелеріне жұмсап, отбасы шығын өтеуге жәрдемдесіп жүрген. Бірақ ұзақ уақыт арақтан бас тарту егде жастағы азаматтың қолынан келмеген. Кезекті рет ішіп келіп, қабағын түйген келініне қол көтерген екен.

"Қазір отбасын құрғаныма он жылдан асты. Осы уақыт аралығында күйеуім қол жұмсамақ түгілі, даусын көтеріп сөйлеген адам емес. Алғаш рет қайын атамнан таяқ жедім. Көңілімді түсіріп, жақтырмағаным үшін бетімнен бір ұрды. Қатты соққыдан құлап түстім. Маған қарай төніп келе жатқанда күйеуім араша түсті. Абырой болғанда, Азамат сол күні үйде еді», - деп ашынады талдықорғандық келіншек.

Перизат отбасымен бірге қайын атасынан бөлек көшкісі келетінін айтады. Алайда Азамат жалғыз ұл болғандықтан, әкесін тастап кете алмай жүр. Қарт кісі ішімдіктен емделгісі де келмейді. Жас келіншек алдағы өмірі үшін қатты алаңдайды.

Сіздің реакцияңыз
2
1
0
3
0
0
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel