RU

Тоқаев күніне 50 ота жасалатын орталыққа барып, дәрігерлермен тілдесті (фото)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына барды деп хабарлайды Ақорда.

Токаев
Фото: Ақорда: Facebook

Ота жасайтын және реанимация бөлімдерін аралап көріп, медициналық мекеменің ұжымымен әңгімелескен президентке институт жұмысының негізгі көрсеткіштері, сондай-ақ, медицина мекемесінің ғылыми-зерттеу жобалары таныстырылды.

Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты – медицинаның аталған саласы бойынша озық технологияларды әзірлеумен, жетілдірумен және енгізумен айналысатын Қазақстандағы бірден-бір ғылыми-клиникалық және білім беру орталығы.
Токаев
Фото: Ақорда: Facebook

Мұнда күн сайын 50-ден астам, ал бір жылда 8 мыңнан аса ота жасалады. Бүгінде медициналық орталықта 385 емделушіге арналған 14 клиникалық бөлімше жұмыс істейді.

Осы бөлімшелердің негізінде буындарға эндопротез жасау, артроскопия және спорттық жарақаттарды емдеу, омыртқа патологиясын түзету сияқты 3 республикалық орталық ашылған.

Токаев
Фото: Ақорда: Facebook

Мекеме қызметкерлерімен кездесу барысында мемлекет басшысы ғылыми-зерттеу институты жанынан қосымша 23,2 мың шаршы метрлік медициналық корпус салуға шешім қабылдағанын айтты.

Президенттің пікірінше, ғылыми-зерттеу институтының ескірген ғимараттары заман талабына сай келмейді.

Токаев
Фото: Ақорда: Twitter
"2021 жылы бұл жерде жаңа ғимарат бой көтереді. Тиісті қаражат бөлінеді. Құрылыс жұмыстарына 26 миллиард теңге қажет. Мұның қомақты сома болғанына қарамастан, Үкіметке тиісті тапсырма беремін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңа корпуста 6 ота жасайтын зал, 300 орындық оңалту орталығы, оқу бөлімдері, сондай-ақ, медициналық бұйымдар шығаратын шағын зауыт болады.

Токаев
Фото: Ақорда: Instagram

Ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету көлемі 45 пайызға артады.

Институт ұжымы президентке мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс айтты. Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің игілікті еңбегін жоғары бағалап, оларға табыс тіледі.

Токаев
Фото: Ақорда: Facebook

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1828011-tokaev-knine-50-ota-zasalatyn-ortalykka-baryp-drigerlermen-tildesti-foto.html