RU
33 жасында он баланың анасы атанып отырған ақтөбелік келіншек туралы не білеміз

33 жасында он баланың анасы атанып отырған ақтөбелік келіншек туралы не білеміз

Рассказать Вконтакте

Ақтөбелік Гүлнұр Базарбайқызы 30 жасында 17-18 жастағы студенттердің анасы атанып, көпке үлгі болып жүрген келіншек. Ол отбасы үлгісіндегі балалар үйінің түтінін түтетіп, көп ұлтты жанұя атанып отыр. KAZ.NUR.KZ көп балалы анамен сұхбаттасып, мұндай шешімге келуінің себебін біліп қайтты.

Фото: Instagram

Фото: Instagram

- Гүлнұр қай жақтан боласыз? Мамандығыңыз бойынша мұғалімсіз ғой?

Есімім Гүлнұр, жасым – 33-те. Ақтөбе облысының Мәртөк ауданының отбасы үлгісіндегі балалар үйінің анасымын. Негізгі мамандығым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің бірінші санатты мұғалімі. Өзім көп балалы отбасында дүниеге келгенмін.

- Отбасы үлгісіндегі балалар үйінің анасымын дедіңіз? Мұндай шешімге қалай келдіңіз?

Бұл шешімді қабылдау оңай болған жоқ. Институтты бітірген соң мұғалім, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болдым. Балаларды тентектігіне, қиындықтарына қарамастан ерекше жақсы көретінмін. Бала күнімнен үлкен үстел басында көп балалы болып отыруды армандайтынмын.

Бір ұлымды тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана болғандықтан осы балаларға жылу сыйлайын деп шештім. 2016 жылы қыркүйек айында Сапарбаев Бердібек Мәшбекұлының өзі келіп, үйіміздің тұсауын кесіп, батасын берген.
Отызға толғанда 17-18 жастағы балалардың мамасы болып шыға келдім. Бірақ, ешқандай өкінбеймін. Қазір балаларымның алды студенттер. Негізі біздің үйден осы үш жыл ішінде 11 бала мектеп бітіріп, оқу орындарында білім алуда. Қазір үйде 10 бала тәрбиелеп отырмыз.

- Олардың арасында өз балаңыз да бар ғой?

Өзімнің бір ұлым бар. Балалармен тез тіл табысып, аға-апа деп еркелеп жүреді. Балалар қай жаста да бала ғой. Менің 8 жастағы балам мен 18 жастағы балам бірдей еркелеткенді жақсы көреді. Арқасынан қақсаң еңсесі көтеріліп, мәз болады. Сондықтан, балардың ұлтына, жасына қарамастан отбасына алып тәрбиелеу – үлкен сауапты іс деген болар едім.

- Отбасында басқа ұлттың да балалары бар сияқты... Олармен тіл табысу қиынға соқпай ма?

Біздің үй еліміз сияқты көпұлтты: орыс, украин, армян, неміс ұлтынан бар. Бірақ мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Үйде қазақша сөйлесеміз. Менің балаларымның бәрі өзіме тартқан қазақ тілін жақсы көреді. Украин балам Слава айтыс үйірмесіне қатысып, қазақша өлең жазып жүр. Ольгам қара домбыраның құлағында ойнап халықаралық бәйгелерден жүлде алған. Балаларымыз спорттан да алдына жан салмайды. Кеше ғана қазақ тіленен олимпиадада менің екі қызым І орын, бір ұлым ІІ орын иеленді.

- Жас болсаңыз да үлкен істі қолға алған екенсіз... Бұл шешіміңізге жақындарыңыз қалай қарады?

Туыстарым бастапқы кезде бірден қолдай қойған жоқ. Ертең ол балалармен қиын болады деп қорқытқан әріптестерім де болды. Бірақ қазір менің балаларымды бәрі жақсы көреді. 80-дегі әжем де барлық балаларымды түгендеп сұрап отырады. Мемлекеттің толық қамқорлығындамыз. Оның үстіне кез келген уақытта көмек қолын созар жандар да жетерлік.

- Отбасы үлгісіндегі балалар үйінің анасы атану үшін, қиындықтар тумады ма?

Қиындықтар туындаған жоқ. Облыстық білім басқармасынан, аудандық білім бөлімінен әңгімелесуден өттім. Қазіргі кезде балаларды асырап алушыларға, қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиеге алатын отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі.

- Жас отбасыларға, аналарға қандай кеңес бересіз?

Мен жалпы айтар едім, баланы емес, өзімізді тәрбиелейік деп. Дана балалар дана аналардан тәлім алған ғой. Заманнан қалмай оқып, дамып, үйреніп – үлгі бола білу керек. Қосымша кәсіп жасап. Қазір өзім ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Балаларым тілдің қажеттілігін түсінсе екен деймін.

Өзім үйреніп, қыздарыма кірпік өсіру, шаш сәндеу кәсіптерін де үйретіп келемін. Балалардың бәрі өнерлі, гитара, барабан, домбыра аспаптарында ойнап, ән де салады. Шағын бейнеролик түсірейік деп те идея тастап жүр. Аналар балалардан қалмай дамып, оларға үлгі бола білу керек. Еңбекке баулу қажет деп ойлаймын.

Әңгімеңізге рахмет!

Сіздің реакцияңыз
0
0
0
0
0
32
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel