RU
Жұлдызды фотограф сүйікті хоббиі қалай табысты бизнеске айналғанын айтты

Жұлдызды фотограф сүйікті хоббиі қалай табысты бизнеске айналғанын айтты

Рассказать Вконтакте

Отандық танымал фотограф Нүркен Абдрахман сегіз жылдың ішінде сүйікті хоббиін аса табысты кәсіпке айналдырып алған. Суретке түсіру өнерін ешкімнің көмегінсіз, өздігінен меңгерген ол бүгінде қазақстандық жұлдыздар арасында үлкен сұранысқа ие. Шоу-бизнес өкілдері өз фотосессиясын дәл осы жігіттің шеберлігіне ғана сеніп тапсырады. Халықтың ыстық ықыласына бөленген жұлдызды фотограф өз жетістігінің құпиясымен арнайы KAZ.NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат беріп бөлісті.

Нүркен Абдрахман 1996 жылы 19 қазанда Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Ол суретке түсіру өнерімен жетінші сыныптан бастап, қатты қызыққан. Нәтижесінде боз баланың арманы орындалып, хоббиі бүгінде сүйіп істейтін жұмысына айналды.

"Менің осы жұмыспен айналысқаныма сегіз жылдың шамасы болып қалды. Жетінші сыныптан бастадым. Барлығы сол кездегі моменталды фотолардан басталған. Мен үшін ақша емес, бастысы үйрену аса қызық еді. Себебі, суретке түсіру маған қатты ұнады.
Бастапқыда түрлі қиындықтар болды. Арманым фотоаппарт алу болған. Оны алдым, бірақ, ақшаға байланысты алдымен арзанын алдым. Сонымен үйреніп жүрдім. Алайда, басқалардан гөрі қатты қиналатынмын. Аса кәсіби фотоаппаратқа қызығатынмын. "Қашан осыған қол жеткіземін? Кәсіби деңгейде қашан түсіремін? Неге мен осылай жүремін?" деп жігер-ынтамен жеткенмін" , - деді Нүркен Абдрахман.

Анықталғандай, 23 жастағы фотограф жетінші сыныптан бері ата-анасынан ақша алып көрмеген. Ол сүйікті хоббиі арқасында ақша тауып, отбасына ауырлық салғысы келмегенін айтты.

Қазіргі уақытта, суретке түсірудің хас шебері болып алған Нүркен аталмыш кәсіптің басты артықшылығы мен кем тұстары жөнінде сыр шертті. Оған қоса, ол бұл салаға енді ғана қадам аттап келе жатқан жас фотографтарға өз кеңесін берді.

"Бұл жұмыстың басты кемшілігі - ұйқының бұзылуы. Күн мен түннің орнын ауыстырып аласың. Керісінше, түнде жүріп, түсте ұйықтап жатасың. Тіпті кейде ұйқың қанбай, ұйықтап үлгермейтін кездері болады. Ал артықшылығы әрине, табыс көзі. Жұмыс барысында көптеген адамдармен танысасың. Түрлі тұлғалармен тәжірибе алмасып, кеңес бөлісіп кәсібіңді шыңдай түсесің. Өзімнің шығармашылық тобымда бес адам бар. Әрдайым қолдап көмектеседі маған.
Бұл саланы енді ғана үйреніп келе жатқан қыз-жігіттерге айтарым: өзіңе сену және біреудікін жалға алғанша өз фотоаппаратың болғаны абзал. Несиеге алсаң да, өзіңдікі болғаны дұрыс. Әрине, оған жету оңай емес. Мен де бұл жағдайға бірден қол жеткізгенім жоқ. Алайда, тырысақ бүкіл мақсат орындалады. Барлығы өз қолымызда. Содан кейін, мен мықты түсіремін деп қателік жібермеу керек. Сенің жұмысың әрқашан өзіңе ұнамау керек. Өзіңе ең қатал сыншы болған жөн" , - деді фотограф.

Нүркен Абдрахман той-бизнесімен де, шоу-бизнес әлемімен де тығыз байланысты. Ол той-томалақтардағы фото және видео түсіріліммен қатар, отандық жұлдыздарға ерекше фотосессия жасаумен айналысады.

Бүгінгі күні, жұлдызды фотограф қазақстандық өнер саласының 70 пайызымен жұмыс істеп үлгерген. Ол әртістерді суретке түсіру қаншалықты қиын екенін айтып, оларға жасалған фотосессиялар кезінде орын алған қызықтармен бөлісті.

"Біраз жұлдыздармен жұмыс істедік осыған дейін. Айта берсек көп. Қазақстанның 70 пайызын түсірдім десем қателеспейтін шығармын. Әрқайсысы өнердегі аға-әпкеміз, іні-қарындастарымыз. Таңғалдырған жағдай көп. Себебі, әр адамның мінезі әр түрлі. Қызықты жайттар орын алып тұратыны заңдылық. Кейде біз, кейді әртістер кешігіп қалады.
Сосын уақыт жетпей қалады. Өнер адамдарын түсірсең уақыт тығыз болып қалады. Өнердегі кісілермен қарым-қатынасым жақсы. Бірақ, бес саусақ бірдей емес қой. Кейбірі өнеріңді, еңбегіңді бағалайды. Кейбірі бағаламайды. Бірақ, оларға ренжімеймін. Әркімнің ойы әртүрлі, заман осындай болып кеткен шығар" , - деп өз ойын білдірді фотограф.

Нүркен Абдрахман отандық нарықта ешкімді бәсекелес көрмейтін болып шықты. Ол керісінше, барлық фотографтар бір-біріне қолдау көрсетіп, мотивация бергені әлдеқайда жақсы деген ойда.

Сонымен қатар, 23 жаста үлкен кәсіпті жүргізіп отырған жігіт айына қанша табыс табатын жария етті.

"Табысты нақты айта алмаймын. Бірақ, сағатына 100 АҚШ доларын аламыз. Қатып қалған баға жоқ. Жаңадан келген әншілер бар, олардың қалталары көтермей қалуы мүмкін. Көңіліне қарап, қолдап та жіберетін кездеріміз болады. Тегін түсіріп береміз. Ол рас" , - деді ол.

Жұлдызды фотограф бүгінгі күні түсірілімдерден бөлек, продюсерлік қызметті де қатар алып жүр. Ол жақында отандық жас әншіні өз қанатының астына алып, оны алдағы уақытта жұлдыз етуге ниетті.

Одан басқа, Нүркен Абдрахман болашақта тағы бір арманын іске асырғысы келетінін мойындады. Ол енді үлкен той ұйымдастыру орталығын ашуға ниетті.

Сіздің реакцияңыз
0
0
0
0
1
3
2
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel