RU
"Ендігісі араб ұлтынан болды": Үш рет күйеуге шыққан келіншек Сириядағы азапты күндерін баяндады

"Ендігісі араб ұлтынан болды": Үш рет күйеуге шыққан келіншек Сириядағы азапты күндерін баяндады

Рассказать Вконтакте

Діни сауатсыздықтың кесірінен жат ағымның жетегінде кетіп, Сириядан бір-ақ шыққан келіншек сол жақта көзімен көрген азапты күндерін баяндап берді. Ол басқа жандардан өзінің қателігін қайталамауды сұрайды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.

Көрнекі фото: pixabay.com

Көрнекі фото: pixabay.com

Бүгінде екі бала өсіріп отырған Әйгерім (есімі өзгертілген) Қарағандыдағы оқуын тастап, 2013 жылы 19 жасында Түркия арқылы Сирияға бет алады. Бұл жағдайдан мүлдем бейхабар ата-анасы қызын қанша іздегенмен таба алмапты.

"Газиантеп қаласында бір күн түнетіп, таңертең шекараға жеткізді. Зәйтүн егілген егістік алаңын 15-20 минуттай жүгіріп өтіп, шекара астық. Бізді араб ұлтының азаматтары күтіп алып, ерлер мен әйелдерді екі топқа бөліп, тізімге тіркеп, алып кетті. Бір күннен соң мені қазақ жамағаты ортасына әкеліп, қазақ азаматына некеге тұрғызды", - деген Әйгерім көз жасына ерік берді.

Екі жыл өткен соң ол жолдасы қайтыс болып, қолында бір жасар ұлы, құрсағында үш айлық баласымен жесір қалады. Екінші ұлын босанғаннан кейін Айгерімді әзербайжан ұлтының азаматымен некелестірген.

"Ол кісі 4 ай 10 күннен соң соғыста қайтыс болды. Қолдан қолға некелестіру осымен тоқтамады, ендігі жолдасым араб ұлтынан болды. Бұл некеден дүниеге үшінші ұлымды әкелдім. Ешқандай медициналық жағдайлар қарастырылмаған, балаларымды үйде босандым. Осының және өзегімді өртеген өкініштердің салдарынан ұлым салмақ қоспайтын дертпен әлжуаз болып туды", - деп жалғастырды келіншек.

Әйгерімнің сөзінше, олардың күнделікті көретіндері атыс, жарылыстар, жерде жатқан адамның дене мүшелері, қанға оранған айнала болған.

Өкініші өзегін өртеген соң Әйгерім үш баламен қашуға бел буады. Жолдасы еш көмектесе алмайтынын, көмектессе өлім жазасына кесілетінін айтып бірден бас тартады. Бір күні жамағаттан шекара асуға көмек беретін адамдардың бар екенін және ақысына он екі мың АҚШ долларын алатынын естіпті.  

"Қолымда ондай қаражатым болмаған соң, үш баламды алып, қақаған қыста, қаңтар айында еш дайындықсыз қашуға шешім қабылдадым. Жанымды шүберекке түйіп, ұшқан оқтың арасымен жолға шықтым. Шөл даладан бала арбасын тауып алдым. Аш-жалаңаш 20 шақырым мина алаңын 30 сағаттай жүріп өттік. Балаларымды орайтын көрпе де болмады", - деп атап өтті ол.       

Жолдағы көрген қиындықтардан соң келіншектің төрт айлық құндақтағы баласы шетінеп кетеді. Сәбиін өз қолымен шөл далаға жерлеп, бірнеше уақыттан соң күрттердің лагеріне жетеді.

"Макар" деген әйелдер лагеріне орналастырды. Макарда жүргенде екінші ұлым шатырдан құлап, кемтар болып қалды. Осы лагерде бес ай болып, "Жусан-3" операциясымен Отаным Қазақстанға оралдым. Аллаға шүкір, Елбасымызға алғысым шексіз!", - дейді Әйгерім.

Келіншектің айтуынша, жат ағымға түсуіне діни білімінің таяздығы себепші болған. Адасқан әйелдің сөзінше, діни білім алушыларға аса сақтық қажет, тек мамандардан, яғни ҚМДБ-ның қарамағында жұмыс атқарып жүрген мешіт имамдарынан сұрау керек.

"Мен алданған ағымға ешбір қаракөз қазағым алданбасын деп тілеймін. Жазықсыз мұсылман бауырларымның судай аққан қаны, бөлшектеліп жатқан денесі, ұшқан оқ, еңіреген ана мен бала бір сәтте ойымнан шығар емес.
Алла жолында "Жиһад", мұсылман бауырларымызға көмек керек деп түрлі үгіттерге салып, алдап-арбап шақырып, жер мен мұнайдың дауы үшін болып жатқан қан майданның қақ ортасына апаратындарын айтқым келеді",  – деп түйіндеді Әйгерім. 
Сіздің реакцияңыз
0
0
0
8
0
2
1
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel