Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Несие тарихы неге әсер етеді және оны қалай түзеуге болады

Опубликовано:

Қазақстанда экономикалық белсенді халық саны 9 миллионға жуықтайды. Оның ішінде 7,5 (шамамен 83%) миллонының несиесі бар, немесе соңғы 10 жыл ішінде несие алған. Сол себепті қазақстандықтардың басым бөлігінің несие тарихы бар.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Несие тарихы деген не?

Республика тұрғыны банктен (немесе микроқаржы ұйымдарынан) қарыз алған кезде бұл ақпарат бірден "Бірінші несие бюросына" (БНБ) жіберіледі.

Онда кімнің қанша қарыз алғаны ғана емес, сонымен қатар, ай сайынғы төлемнің уақытылы жүргізілуі: кешіктіріп төлеу, неше күнге кешіктіргені, қарыз алушының ақшаны толық қайтаруы жөнінде ақпараттар жиналады.

Егер адам қарызын үзбей төлеп тұрса, оның несие тарихы жақсы болады. Және келесі рет қарыз сұрап барғанда, оның несие алу мүмкіндігі жоғарылайды.

Ал несие тарихының нашар болуы – жаңа қарыз алу мүмкіндігін айтарлықтай төмендетеді.

Несие тарихыңызды білу не үшін қажет?

Мысалы, несиеге автокөлік немесе үйді жөндеу жұмыстарына ақша, болмаса ипотека алмақшы болдыңыз делік.

Бұндай маңызды мәселелер бірнеше ай бұрын жоспарланады – автокөлік таңдалады, жөндеу жұмыстарына смета есептеледі, қажетті баспана қаралады.

Осылардың барлығын дайындап, қарыз алуға бел буып банкке бардыңыз. Ал сол сәтте банк өтінішіңізді қабылдамады! Неліктен? Себебі, бұған дейінгі қарызыңыз бойынша кешіктірілген төлемдер бар. Немесе несие тарихыңызда өзіңіз алмаған кредит көрсетіліп тұр (иә, бұндай да болады, бірақ, сирек кездесетін жағдай).

Осылайша, несие алуға дайындалған қыруар күш пен уақыт зая кетеді.

Несие тарихын қалай тексеруге болады?

Банк өтінішіңізді қабылдамай, ыңғайсыз жағдайға түспеу үшін өз несие тарихыңызды тексеріп алған жөн. Оны тексерудің 10 түрлі тәсілі бар.

Төменде көрсетілген мекемелерге барып, тексеріп қайтуыңызға болады:

1) БНБ (тек жеке куәлік қажет).

2) "Қазпошта" бөлімшесі (тек жеке куәлік қажет).

3) ХҚКО (тек жеке куәлік қажет).

Немесе мына порталдардан электронды көшірме алуға болады:

4) БНБ (ЭСҚ қажет).

5) Электрондық үкімет (ЭСҚ қажет).

6) Қазпошта (ЭСҚ қажет).

7) БНБ мобильді қосымшасы (ЭСҚ қажет).

8) Homebank.kz (порталға тіркелу қажет).

9) Starbanking (порталға тіркелу қажет).

Және соңғы тәсілі:

10) Пошта бөлімшесі арқылы көшірмеге тапсырыс беру (нотариалды куәландырылған жеке қолтаңбаңыз қойылған арыз + жеке куәліктің көшірмесі қажет).

Мына жерден толығырақ білуге болады.

Несие тарихын тағы қалай құртып алуға болады?

Таңғаларлық жайт, несие тарихын кешіктірілген төлемдерді тіркейтін банк қана емес, сондай-ақ коммуналдық қызметтер де құрта алады.

Олардың да төлемдердің кешіктірілуі туралы ақпараттарды БНБ-ға жіберу мүмкіндігі бар. Бірақ ол үшін коммуналдық қызметтер клиенттің келісімін алуы қажет.

Алайда, БНБ атқарушы директоры Әсем Нұрғалиеваның айтуынша, 90 күннен асқан қарыздар жөніндегі ақпарат клиенттің келісімінсіз, автоматты түрде жіберіледі.

Яғни, коммуналдық қызмет электр қуатына ақша төлемеген үішн жарықты сөндіріп қана қоймай, сондай-ақ БНБ-ға төлемнің уақытылы жасалмайтыны жөнінде ақпарат береді.

Несие тарихын қалай түзеуге болады?

Интернетте белгілі бір төлем үшін несие тарихыңызды түзеп беруді ұсынатын көптеген жарнамалар бар. Сенбеңіздер! Бұның барлығы алаяқтардың ісі.

Қалтаңызға пара салып, тізерлеп тұрып БНБ-ға жалынсаңыз да, сіздің несие тарихыңызды ешкім түзеп бере алмайды.

Несие тарихыңызды жақсартудың жалғыз жолы бар. Ол үшін шағын несие алып (оларды алу әлдеқайда оңай), қарызды уақытылы өтеп тұру қажет.

Осылайша, кезінде қарызды кешіктіріп төлесеңіз де, "қазір түзелгеніңізді көрсетіп, сізге сенуге болатынын аңғартасыз".

Одан бөлек, мына пайдалы кеңестерді білгеніңіз абзал:

Біріншісі. Егер несие бойынша кезекті төлем уақыты жақындап, ал сіз жұмыстан шығып кетіп, төлем жасауға мүмкіндігіңіз болмаса, бұл туралы банкке алдын ала хабар берген жөн. Жұмыстан босағаныңыз немесе жұмыссыз екеніңіз туралы анықтама болса – тіпті жақсы.

Екіншісі. Бірінші несие бюросында төлем қабілетіңіздің нашарлығы туралы ақпарат түрлі салада алдыңыздан көлденең шығуы мүмкін. Мәселен, жұмысқа орналасуға келдіңіз делік. Ал мекемеге жұмыс орнына екі үміткердің біреуін таңдау керек болды. Сол кезде жұмыс беруші БНБ-дан ақпарат сұратуы мүмкін. Егер сіздің несиені уақытылы төлемегеніңіз, немесе 90 күннен асқан коммуналдық қарыздарыңыз болса, аталған жұмыс орнына таласуға мүмкіндігіңіз күрт төмендейтіні анық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1828877-nesie-tarihy-nege-ser-etedi-zne-ony-kalaj-tzeuge-bolady/

pixel