Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ракты жеңуден басталды": Обырмен күрескен тараздық әйел қиын күндері жайлы ағынан жарылды

Опубликовано:

Тараздық Зарина Жексембиева осыдан бірнеше жыл бұрын онкологиялық дертке шалдығып, өз ауруын жеңу үшін, психологияға бет бұрған үш баланың анасы. Өмірде көп қиындық көрген ол барлығын тек сабырлық пен көзқарасты өзгерту арқылы жеңуге болады дейді. Бұл туралы психолог әрі блогер KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.

Фото: Instagram
Фото: Instagram: Instagram

- Зарина, қай өңірдің тумасы боласыз? Мамандығыңыз бойынша кімсіз?

Есімім Жексембиева Зарина. 1976 жылы Жамбыл облысы Тараз қаласында тудым. Жолдасым мен үш балам, төрт немерем бар. Бір ұл, бір қызым отау құрған. Кішкентайым он екі жаста. Мамандығым бойынша келесі жылы, бұйыртса, М.Дулати ат. Тараз мемлекеттік университетінің психолог мамандығын тәмамдаймын.

- Желідегі парақшаңыз арқылы психологиямен шұғылданып жүргеніңізді білдік. Бұл салаға қашан келдіңіз? Психологияны зерттеп жүргеніңізге көп болды ма?

Психологияға келгеніме он екі жыл болды, ол кезде қатты ауырған едім.

Кішкентайымда жарақат алған едім, сол жылдар өте келе сыр берді. Ол кезде шыны керек, дұрыс емделмей, тәуіп-имам аралап жүре беріппін.

Содан ағзамда обыр жасушалары оянып, бірнеше рет онкология бойынша екі төсіме ота жасаттым, қуығым жарылды.

Одан қалса, он бес жыл бойы түні бойы ұйықтамайтын ауруға шалдықтым, күйзеліске түстім. Сөйтіп бір жақсы психологқа кездесіп, сол кісілерден екі жылдай сабақ алып, өз санамды емдеумен болдым. Солай психолог боламын деп шештім.

Психологияда ауруды жеңу үшін, оны сүйе білу керек деген ұғым бар, мен дәл солай істедім. Ол кезде 10 класс болғандықтан, он алты жасымда күйеуге шығып кеткенмін.

Шыны керек, бәрі сол бойымдағы рак клеткаларын жеңуден басталды. Алланың қалауымен намазға жығылдым. Бұрындары үйімде ұрыс-керіс көп болатын, қазір ондай жоқ.

- Жолдасыңызбен тату-тәтті өмір сүретін сияқтысыз, қазір жастардың арасында ажырасу көп... Не себепті? Ондайға жол бермеу үшін, жас ерлі-зайыптыларға не істеген жөн?

Бұрынғы кеңес дәуірінде туған азаматтар мен қазіргі адамдардың сана-сезімін салыстыру мүмкін емес. Қазір жастарда бәрі бар, бірақ рухани жұтаң. Сосын материалдық жағдай деген тағы бар.

Ер азаматтар отбасын асыраймын деп таңнан кешке дейін жұмыста жүрсе, әйелдері үйде отырып, әлеуметтік желіге байланып қалады. Интернет болған соң, көп нәрсені көреді, соған еліктейді. Содан жанұяда келіспеушіліктер пайда болады.

Бастысы ерлер өз орнын, әйелдер өз орнын білу керек. Жұбайлар отбасында бір-бірін толықтырып отыру керек қой? Қазір керісінше бәрі көшбасшы болуға асығады.

Әйел адам ерін қашан да қанаттандырып отыру керек. Азаматтар өздерінің ерлігін дәлелдейтін адам болу керек... Әйелдер қазір өздерін дәлелдегісі келеді. Сөйтіп түсініспеушіліктен ажырасулар көп.

- Жалпы оқырмандар сізді не үшін оқиды деп ойлайсыз?

Себебі менің өмірім бал болған жоқ. Өзім басымнан өткеніммен қыз-келіншектермен бөлісемін, оларды жеңу жолдарын ұсынамын. Былайша айтқанда, теориямен шектелмеймін. Өмірде көрген-білгенімді, тәжірибеммен бөлісемін, сол себепті оқып, мен ұйымдасыратын семинар-тренингтерге қатысатын шығар.

- Медиаторлықпен де айналысады екенсіз. Қандай мәселелерге қатысты медиатор боласыз?

Мен заңгер емеспін, мен ері мен әйелінің, анасы мен қызының, енесі мен келінінің және тағы басқа да отбасы мүшелерінің қарым-қатынасын қарап, олардың бір шешімге келуіне септесетін медиатормын. Яғни отбасылық қарым-қатынастардың медиаторымын.

- Қыз-келіншектерге үлгілі ана, жақсы жар ретінде айтар кеңесіңіз?

Ең бастысы, әйел өзін жақсы көру керек. Өзін танып, өзін тапқан әйел өзінің мақсат-мұратына жетеді және айналасындағы адамдар оған жәрдем береді. Егер ол бақытты отбасы боламын деп мақсат қойса, қалай сол мақсатына қалай да жетеді. Сосын көп адамға жағынуым керек деген ойды да тастау керек. Әйел адамдар жан-жақты болып, баласымен досындай сырласу керек. Ол үшін әрине өзін тәрбиелеу керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1828898-16-zasynda-trmys-krgan-tarazdyk-kelinsek-mirindegi-kiyndyktar-turaly-bar-syndykty-ajtty/

pixel