Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық актриса Айша Абдуллина дүниеден озды

Опубликовано:

Бүгін, 26 қараша күні Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті театр және кино актрисасы Айша Абдуллина 103 жасында өмірден өтті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: mavubu.ru, Facebook/ Askhat Mayemirov
Фото: mavubu.ru, Facebook/ Askhat Mayemirov: Facebook

Суыт хабар жайлы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры Асхат Маемиров өзінің Facebook парақшасында жазды.

"Бүгін 103 жасқа қараған шағында көрнекті театр және кино актрисасы, саңлақ саxнагер, Қазақстанның Халық әртісі , "Парасат", "Құрмет белгісі", "Ұлы Отан соғысының ардагері" ордендерінің иегері Ааша Абдуллина өмірден өтті.
Қазақ театр өнерінің тарихында ең ұзақ жасаған актриса Айша апамыздың ақ батасын алған, талай сырлас, дастархандас болған өнердегі жақсы көрген балаларының бірі болғаныма ризамын. Айша Абдуллинаның ұрпағына, тума-туысқандары, әріптестеріне қайғырып көңіл айтамын", - дейді Асхат Маемиров.

Айта кетейік, Айша Абдкуллина 1916 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1935 жылы Қазақ мемлекеттік драма театры жанындағы екі жылдық студияны тәмәмдаған. Шығармашылық еңбек жолын қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрынан бастаған.

1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен мәдениетінің он күндігінде Жамбылдай жыр алыбы, Күләш Бәйсейітова, Құрманбек Жандарбековтердің жанында бірге өнер көрсетеді. Декада қорытындысы бойынша И.В.Сталиннің қолынан "Еңбек Қызыл Ту" орденін алады. Қазақ театр өнерінің тарихында Айша апа тұңғыш рет Дездомана бейнесін сомдаған.

Кейін Шымкент қаласына қоныс аударып Ж.Шанин атындағы академиялық театрында 65 жыл бойы үзіліссіз актриса болып қызмет етті.

Орындаушылық диапазоны кең актриса ұлттық драматургия бен әлемдік классиканың жауhарларында бір-біріне ұқсамайтын 100-ден аса саxналық бейнелерді сомдап, әйелдер бейнесінің толыққанды галереясын жасады. Солардың ішіндегі Айша Абдуллина апамыздың өнердегі бойтұмары - Еңлік, Қызжібек, Дездемона бейнелері еді.

Өнер әлемінде қол жеткізген жетістіктері мен ерен еңбегі, шығармашылық жолы - жас буын үшін жарқын үлгі бола білген Айша Абдулиннаның бір ғасырлық мерейтойы -Астанада, Алматы мен Шымкент қалаларында салтанатты жағдайда атап өтіліп, Айша апа халқына ақ батасын беріп, ән мен жырдан шашу шашты.

Ұзақ жылғы өнер мен мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін ҚР Тұңғыш президенті - Елбасының мемлекеттік стипендиясына ие болды. "Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы" атағын иеленді.

"Айша апамыздың өнердегі адалдық пен тазалықты ту еткен жарқын бейнесі, адами келбеті - жүрегімізде сақталады. Иманың жолдас болғай, Айша апа!", - деп қорытындылады Маемиров.

Айша Абдуллинамен қоштасу рәсімі 28 қараша күні сағат 09.00-де М.Әуезов театрында өтеді.

KAZ.NUR.KZ редакциясы да Айша Абдуллинаның туыстары мен жанұясына көңіл айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1829142-kazakstandyk-aktrisa-ajsa-abdullina-dnieden-ozdy/

pixel