RU
Белгілі этнограф "үкі тағуды" "сырға салумен" шатастырып қалған халыққа назын айтты

Белгілі этнограф "үкі тағуды" "сырға салумен" шатастырып қалған халыққа назын айтты

Рассказать Вконтакте

Қазақ халқы үшін "ұлын-ұяға, қызын қияға қондыру" аса маңызды. Осы жолда ата-бабаларымыз құда болу үшін көптеген дәстүрлерді орындаған. Соның ішіндегі ерекше рәсімнің бірі "Үкі тағу" болып табылады. Ал қазіргі уақытта бұл салтты ел арасында "Сырға салу" деп атап жүр екен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы elana.kz-ке сілтеме жасап.

"Үкі тағу" - қызға құда түскенде оның қалыңдық болғандығының белгісі ретінде берілетін кәделердің бірі.

Бұл дәстүр көп аймақта "Белгі салу" атауымен танылса, қытай жеріндегі қандастар аталған рәсімді "Қарғы бау" дейді.

Қазіргі уақытта "Үкі тағу" салтын ел арасында "Сырға салу" алмастырған.

Басылым мәліметінше, ертеде қыз бен ұлдың ата-анасы құдаласуға сөз байласып, қалыңмал жөнінде сөйлескенде, жігіттің әкесі осы келісімнің белгісі ретінде қызға үкі тағып немесе білегіне білезік салыпты.

Қазақ жерінде кеңінен таралған өлең жолдар ата-бабаларымыздың осы салтты ерекше ұстанғанын көрсетсе керек.

Мысалы, Құтым батыр інісі Шағырға қыз айттырып барғанда келу мақсатын жүйелі жырмен бастаған екен.

"Жалаулы найза, жарау ат,

Жауға шапсам деп келдім,

Аққуына Үйсіннің

Үкі тақсам деп келдім" ,- деген ол.

Этнограф Райхан Матаеваның мәліметінше, құда түсіп, кит кигеннен соң жігіт жағы үйленуден бас тартса, онда олар ат-шапан айыбын, алған китін, қыз жағының құда түскендегі шығынын төлеген.

"Қыз жағы үкіні қайтармайды. Содан кейін қызға басқа біреудің құда түсуіне жол ашылған", - деді ол.

Ғалымның сөзінше, "Сырға салу" салты кейіннен шыққан.

"Ұл баланы ашамайға отырғызғанда, сол жастағы қыз баланың құлағын тарымен тесіп, сырға таққан. Оны “Сырға той” деп атаған", - деді Матаева.

Ол "Үкі тағу" сөзін қолдану дұрыс екенін айта отырып, қазақ халқын салт-дәстүрді құрметтеуге шақырды.

"Сырға тағып кетіпті" деген сөздің өзі анайы естіледі. Баяғыда ауылдың малына сырға тағуға адамдар келеді дейтін. “Тұсау кесерде” корея халқының ақша, аспап, қалам қоятын салтын да қабылдадық. Салтымызды жоғалтпайық. Онсыз да салт- дәстүрді ұмыта бастадық", - деп сөзін түйіндеді этнограф.
Сіздің реакцияңыз
0
0
0
0
0
12
1
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel