Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматылық бойжеткен дәулетті адамның төртінші әйелі болудан бас тартты

Опубликовано:

Алматылық Айнұр есімді бойжеткен өзіне төртінші әйел болуға ұсыныс жасаған ер адамнан бас тартты. Қаладағы дәулетті тұрғындардың бірі өзінің меншігіндегі дәмханада жұмыс істейтін жас қызбен заңды түрде некелескісі келген деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото:pixabay.com
Көрнекі фото:pixabay.com: Depositphotos

Айнұр (ред.ескертпе кейіпкердің аты-жөні өзгертілген) қаладағы колледждердің бірін аяқтаған. Алайда мамандығы бойынша жұмыс табылмай, дәмханалардың біріне даяшы болып жұмысқа тұрған.

"Күнделікті табысым өзіме жететін. Бір жағынан пысықтығым мен шапшаңдығым да әсер еткен шығар, кафе қожайыны мені администратор қызметіне көтеріп, жалақымды да өсірді. Үнемі жастарға көмектесіп жүретін басшымызға сондай риза едім. Алайда, мәселенің екінші жағы бар болып шықты. Бір күні кафе қожайыны мені қымбат мейрамханаға шақырып, сөйлесетін әңгіме барын ескертті. Мен қанша жерден жамандыққа қимасам да, ішім бір нәрсені сезді", - деп бастады әңгімесін Айнұр.

Сол күні бойжеткен кафе қожайынын сыйлағандықтан ғана кездесуге баруға келісім береді. Бірақ ол өзін қандай "тосын сый" күтіп тұрғанын мүлде білмеген.

"Шынымды айтсам, кездесуге аяғым тартпай, әрең бардым. Сол кезге дейін қаншама жақсылық жасап, еңбегімді бағалаған соң ғана келіскен едім. Бірақ өзімді өте нашар сезіндім. Құдды біреудің көңілдесі болып барам ба деген ой мазалап, арым тыныштық бермеді. Ақыры, дастархан басында ол кісі маған сезімін білдіріп, өзіне күйеуге шығуға ұсыныс жасады.
Сенесіз бе, сол сәтте мен өзімді әлемдегі ең бақытсыз жан сезіндім. Онсыз да үш әйелін асырап отырған еркектің төртіншісінен де дәмелі екеніне қатты ашуландым. Бірден бас тартатынымды айтып, он жерден жағдайымды жасаса да келіспейтінімді жеткіздім. Мүмкін, осылай көтеріліп, табысқа жеткісі келетін қыздар бар шығар. Мен мұндайға бара алмаймын. Менің тәрбием бұған жібермейді", - дейді кейіпкер.

Айнұр бұл қадамы үшін еш өкінбейді. Сол ұсыныстан соң аталған жұмысынан да бас тартқан. Бүгінде қаржы саласында еңбек етіп жүрген ол ақшасына сеніп, жас қыздарды қармаққа түсіретін еркектерді жек көріп кететінін де жасырмады.

"Меніңше, жағдайы жақсы ер адамдар ақшамен бәрін шешуге болады деп ойлайды. Иә, ақшаға бәрін сатып алуға болатын шығар. Бірақ қыздар арасында тәрбиесін мен иба-инабатын ұмытпағандар бар деп ойлаймын. Байлығы үшін тұрмысқа шығып, өмірден бақытсыз боп өтетіндер қаншама? Біріншіден, мен сүйген адамымды кезіктіріп, бақытты болғым келеді. Екіншіден, көңілдестің қолдауымен емес, өзімнің адал еңбегіммен нан тапқым келеді", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1829623-almatylyk-bojzetken-duletti-adamny-trtinsi-jeli-boludan-bas-tartty/

pixel