RU
"Халыққа бұлай жасау өте ұят": АҚШ-тағы қазақ полицейі елдегі әріптестерінің әрекетін бетіне басты

"Халыққа бұлай жасау өте ұят": АҚШ-тағы қазақ полицейі елдегі әріптестерінің әрекетін бетіне басты

Рассказать Вконтакте

Қазіргі таңда АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында полицей болып қызмет атқарып жүрген Димаш Ниязов Қазақстандағы әріптестеріне кеңес берді. Елдегі жемқорлықты сөз еткен тәртіп сақшысы жайында KAZ.NUR.KZ "Замана" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгінде шет елде өмір сүретін Димаш 1989 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Қазақ полицейі 15 жасына дейін оңтүстік өңірде ата-әжесімен бірге тұрған. Кейіннен алты жасында АҚШ-қа аттанған ата-анасының соңынан кеткен.

"Қазақстанда не болып жат­қанын жаңалықтардан үнемі бақылап отырамын. Тіпті ондағы жайтты кейбір қазақстандықтардан артық білемін деуге де болады. Бұл – менің Отаным. 15 жылдан бері Нью-Йоркте тұрсам да, мен үшін Қазақстанның, Шымкент қаласының орны бөлек", - дейді ол.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді мақсат еткен Ниязов елде жемқорлық бар екенін де жасырған жоқ.

"Бұл елде жемқорлық жоқ деп нанға май жағып, қант сепкендей етіп айтпай-ақ қояйық. Қазақстанда жемқорлық бар. Полиция қызметкерлерінің елге қалай қызмет етіп жатқаны және Қазақстан азаматтарына дөре­кілік көрсетіп жатқаны туралы видеоларды көремін. Бұл мен үшін өте өкінішті және ауыр жағдай", - деп жалғастырды полицей.

Одан кейін Димаш Ниязов шет елдегі құқық қорғау саласында қызмет етіп жүргеніне алты жыл болғанын алға тартып, ол жақта бірде-бір рет пара алу фактісінің орын алмағанын айтты. Олар үшін қызметінің маңыздырақ екенін және менталитеттің өзгешелігін тілге тиек етті. Содан соң қазақ полицейлеріне өз кеңесін де берді.

"Пара алу, дұрыс жұмыс істемеу, азаматтарға қоқан-лоққы көрсету сіздер үшін ұят тірлік болып саналуы тиіс. Халыққа бұлай жасау өте ұят. Мысалы, мен бір әйелге дөрекі сөйлесем, қалай болады? Ол да біреудің анасы. Сіз полицейдің анаңызбен солай сөйлескенін қалар ма едіңіз? Әрине, қаламайсыз.
Біз бәріміз адамбыз, сондықтан бір-бірімізбен адамгер­шілік қарым-қатынаста болуымыз керек. Сіздер робот емессіздер. Мен елде болған көптеген наразылықтарды көрдім, онда полиция қызметкерлері адамдарды көтеріп алып, автобустарға тоғытып жатыр. Бұл дұрыс па? Робот секілді емес, қарапайым адам секілді ойланыңыздар.
Мен біздің полицияны үнемі қолдаймын. Бізде тәртіп жоқ. Мұнда полиция қызметкерлері өте әлсіз жұмыс істейді. Полицейлер өз жұмыстарын жоғалтып алудан қорқуы керек. Олар халықтан, басшылықтан, мемлекеттен сескенуі қажет. Келісемін, полиция қызметкерлерінің жалақысы аз. Өткен аптада Қазақстандағы телеарналардың бірінде мен мемлекет тарапынан полиция қызметкерлерінің жалақысын көтеру, әлеуметтік пакеттер ұсыну, отбасыларына көмек көрсету секілді ұсыныстар айттым.
Біздегі полиция жайлы өмір сүруі тиіс. Бірақ бұл бұрынғыша жұмыс істей беруді жалғастыруға болады деген сөз емес. Ондай жағдайда көптеген адамдарды қызметтен босатуға тура келеді. Содан соң білім мен біліктілік деңгейін де көтеру керек",- деп түйіндеді ол.

Сіздің реакцияңыз
3
0
2
2
0
56
2
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel