RU

Отбасылық бюджетті уысынан шығармай ұстаған келіншек пәтерге ақша жинады

Үйінде ақшаның тиімсіз жұмсалуынан шаршаған алматылық Раушан отбасылық бюджетті өз қолына алуды жөн көріпті.

Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов: Original

Айтуынша, барлығы тұрмыс құрғаннан кейін басталған. Аяғы ауыр болып, нәресте күтіп отырғандықтан, ақша жинауға бел байлапты. Ал күйеуі болса, бүкіл жалақысын өзіне жұмсаған көрінеді.

Келіншектің сөзіне қарағанда, 2014 жылы күйеуі әлі студент болған, сол кездегі 30 мың жалақысының 20 мыңын енесі алып отырыпты.

Босанғанан кейін үйге келген Раушан жиған ақшасын таппай қалған. Қаражат көп болмағанымен, ол балаға арналған ақша болатын. Күйеуінен ақшаның қайда кеткенін сұраса, ол қуанышымен бөлісіп, достарымен бірге барлығын құртып қойғанын айтыпты. Қуанышты жаңалықты жумасқа амалы болмағанын айтып ақталған екен.
Раушан осыдан кейін ақшаны күйеуіне тапсырудың қателік екенін ұғынып, одан ай сайын жалақысын беріп тұруын сұрапты. Жұбайы жалақысының 20 пайызын өзіне қалдырып, қажеттілгіне жұмсайтын болып келіскен. Ал келіншектің өзі декреттік демалыста болған соң, артық ақша жұмсамаған, нәрестеге керек-жарақты жәрдемақының ақшасына алып отырған екен.
Сол кезде күйеуінің айлық табысы 60 мың теңге болған. Босанғаннан бір ай өткен соң Раушан да құр отырмай, ақша табуды жөн көріпті. Мамандығы аудармашы болғандықтан, үйде отырып-ақ ақша табуға мүмкіндік туған. Тапсырыспен мәтіндерді аударып, көршілердің балаларына ағылшын тілін үйреткен.

Осылайша, жас отбасы бір жарым жыл ішінде миллион теңге жинапты.

Күйеуі өзінің атына депозит ашып, ақшаны шотқа салған. Алайда, жиналған қаражат депозитте көп жатпаған. Енесі жиналған ақшаны қарызға сұрап алған екен.

"Енді, баласы ғой, анасының қолын қалай қайтарсын. Ол ақшаның қайтпайтынын да ойламады. Осылайша, ақшамыз жарқын болашаққа деген сеніміммен бірге жоқ болды", – дейді Раушан.
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов: Original

Содан бері ол бар жиған ақшасын уысынан шығармай ұстауға шешім қабылдапты. Жұмысқа орналасып, өз атына депозит ашып, табысының бір бөлігін шотына салып отырған.

Сондай-ақ күйеуінің жалақысын енді толығымен алып отыруды ұйғарыпты. Оның керек-жарағына ақшаны өзі беріп отырған.

Уақыт өте келе жұбайының жалақысы көтерілген. Осылайша, олар ай сайын депозитке 150 мың теңгеден, кейде одан да көп сома салып отырған.

Нәтижесінде, жас отбасы үш жылға жетпей 5 миллион теңге жинап, қазір пәтер сатып алуды жоспарлап отыр. Жетпеген соманы ипотека арқылы төлеуді шешіпті.

Раушан отбасылық бюджеттің әйелдің қолында болуы ер адамның әлсіздігін көрсетпейтініне сенімді. Ол күйеуінің қолы ашық екенін, туыстары немесе достарының өтініштерін жерге тастамауға тырысытанын айтып, оның өз кезегінде, отбасылық бюджетке кері әсерін тигізетінін жеткізді.

"Бұл біздің ортақ шешіміміз болды. Өкінбейміз, қазір өзімізден еш нәрсе аямаймыз. Аптасына екі рет қызықты жерлерге барып, отбасылық мереке өткізіп тұрамыз", – дейді Раушан.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1830473-otbasylyk-budzetti-uysynan-sygarmaj-stagan-kelinsek-pterge-aksa-zinady.html