Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өзі 15-те, күйеуі 30-да: Тұрмыстық зорлыққа ұшыраған әйелдердің оқиғасы

Опубликовано:

Бүгінде отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналып, таяқтан көз ашпай жүрген қыз-келіншектер қаншама? Елімізде болып жатқан сұмдықтардың бірін білсек, бірін білмейміз. Осы орайда KAZ.NUR.KZ порталы Zamana.kz-ке сілтеме жасап түрлі тағдырды басынан өткерген қыз-келін­шектердің оқиғасын жариялайды.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Алматыдағы "Тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының" мәдени іс-шара ұйымдастырушысы Әсем Бижанның айтуынша, орталыққа адам айтса төзгісіз, тіпті сенуге қиын тағдырларды басынан кешірген әйелдер келеді екен.

"Әлеуметтік-қоғамдық жұмысқа кіріскелі бері қоғамда небір сұмдық жағдайлардың куәсі болдым. Мұндайда өз бастарынан өткен адам төзгісіз жағдайлардан кейін қыз-келіншектердің өмірге деген құлшынысы жоғалып жатады. Бірақ біз олардың барынша аяққа тұрып кетуіне жәрдемдесеміз.

Мәселен, Айгүл есімді келіншек күйеуі екеуі алғашқы жылдары бақытты өмір сүрген. Бірақ жолдасы жұмысынан айрылған соң ішімдікке құмартып, түбі нашақорлыққа салынады.

Наркологиялық диспан­сердегі емделу, есірткіге деген тәуелділіктен пайда болған ашу-ызаның салдарынан күйеуі Айгүлге қол жұмсай бастаған. Бір күні жолдасы Айгүлді аяғы ауыр болғанына қарамастан қатты соққыға жығып, көкбауырын зақымдайды.

Ал жатырындағы бала жиырмасыншы аптада шетінеп кетеді. Қанша уақыт балалар үшін деп шыдап баққан келіншегін күйеуі ауруханаға түскен соң да артынан бірде-бір рет іздеп бармаған, балаларын да керек қылмаған.
Жеті баласымен барар жер, басар тауы қалмаған Айгүл ақыры біздің орталықты паналады, заңгер мен психологтың көмегін алды. Кейіннен өзі де өмірін өзгертуге тырысып, ата-анасына оралып, жұмысқа орналасты.
Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC

Ал Әйгерім атты келіншектің анасы ол үш жасқа келген кезде қайтыс болыпты. Алты айдан соң әкесі екінші әйел алады.

Бірақ өгей анасы оны керек етпейді, ақыры 15 жасында өзінен 15 жас үлкен жігітке тұрмыс­қа шығып кетеді. Әйгерім жолдасымен де бақытты болмаған.

Ол үйде тек малға қарап, үй шаруасын атқаратын қызметші есебінде жүреді. Сәл қателігі үшін күйеуі оны ұрып-соғып, қатты жазалайтын болған.

Сөйтіп жүріп 3 бала туады. Сол уақыт аралығында оның мұрны да, қабырғасы да сынған, басынан жарақаттар алған. 

Жолдасы Әйге­рімге: "Сен ешкімге керек емессің! Қалаға барсаң, әлдебіреулер сені құлдыққа сатып, зорлап кетеді", –  деп сендіріп отырған. Осылайша сол үйде 16 жыл өмірі өткен.

Кезекті бір қатты соққыдан соң Әйгерім балаларын алып кетіп қалған. Бір адамдардан біз туралы естіп, осында келген соң  ақырындап аяққа тұра бастады, - дейді орталық маманы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1830741-zi-15-te-kjeui-30-da-trmystyk-zorlykka-syragan-jelderdi-okigasy/

pixel