RU

Нұр-Сұлтанда бұрынғы полицей пара алғаны үшін 3 млн теңге айыппұл төлейді

Елордада патрульдік полицияның арнайы батальон қызметкеріне Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 366 бабы 2 тармағына сәйкес үкім шыққан. Оған сәйкес, бұрынғы полицей 3 млн теңге айыппұл төлейтін болған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Cот күдіктіге пара алды деген айып тақты. Енді ол 3 млн теңге көлеміндегі айыппұл төлеуі тиіс. Бұдан бөлек сот полицейге мемлекеттік қызметте жұмыс жасауға тиым салып, "полиция лейтенанты" шенінен айырды.

Экс-полицейдің қылмысы туралы ақпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің жеке құрамы мен сыбайлас жемқорлықпен күрес ведомствосының кездесуі барысында белгілі болды. Жиында сондай-ақ жемқорлыққа қатысты қылмыс жасауға итермелейтін жағдайлардың алдын алу мәселелері де талқыланды.

Сонымен бірге жемқорлықпен күрес мәселелері де назардан тыс қалмады. Атап айтсақ, қызметкерлердің жемқорлық қылмысын жасағанда, олардың басшыларының жауапкершілікке тартылуы мәселесі сөз етілді.

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев енді ведомство қызметкері жемқорлыққа қатысы бар деп айып тағылған жағдайда, олардың басшыларының да жауапкершілікке тартылуы жайлы заңға қол қойған еді.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1830805-nr-sltanda-bryngy-policej-para-algany-sin-3-mln-tege-ajyppl-tlejdi.html