RU

"Жетісайдың келіні болған рахат": Блогер келін Шымкент жақтан қорықпауға шақырды (фото)

Telegram logo VKontakte logo

Instagram әлеуметтік желісінде белсенділігімен танылған келіндердің бірі – Жадыра Сапарбекова. Түркістан облысындағы Жетісай ауданына келін болып түскен ол ауыл өмірінің тіршілігін, қазақ келінінің күнделікті тұрмысын баяндап қана қоймай, дәмді ас пісірумен де айналысады. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Жадыра көпшіліктің көкейіндегі сұраққа да жауап берді. Оның айтуынша, атышулы Жетісай жеріне келін болу әсте қиын емес.

Жадыраның сөзінше, Instagram желісінде танымал болуына республикалық Инста-шаңырақ байқауына қатысқаны себеп болған.

"Сол кезде маған 20 мың оқырман жинау қол жетпес арман болып көрінетін. Желіде алдымен тағам дайындау жолдарымен бөлісіп жүрдім. Кейін ауыл келінінің өмірі, қала мен ауыл тұрғындарының айырмашылығы туралы жазбалар жаза бастадым. Көпшілік қызыға оқи бастаған соң парақшамды дамытсам деген ынтам арта түсті. Өзім әзілге өте жақын адаммын. Күнделікті өмір мен әзілді ұштастырып жүремін десем де артық емес.

Бір анығы – мен өмірде қандаймын, желіде де солаймын. Шынайы бейнем осы болғандықтан маған парақшамды жүргізу оңай. Өзімді қазақ келінінің мінсіз бейнесін қалыптастырып жүрмін деп айта алмаймын. Бірақ әдептен де аттап кеткен емеспін", - дейді ол.

Жадыра көпшілік арасында келінді тым қатал ұстайды деп танылған Жетісайда тұрады. Блогердің айтуынша, бұл аймақ туралы артық әңгімелерге құлақ асудың қажеті жоқ.

"Жетісайда салт-дәстүр берік сақталған, келінді қатал ұстайды деген пікір бар. Студент кезімде Жетісайға бармаспын дегенді жиі айтатын едім. Құдай айдап, осы жақта келін атандым, ақ босаға аттадым. Меніңше, барлығы әр отбасыға байланысты. Үйдегі жалғыз келінмін. Мен келін болып түскен әулетте қатып қалған қағидалар жоқ.
Қайын енем өмірдегі ең үлкен қолдаушым. Екінші анама айналып, балапандарыма қарайлап жүреді. Үлгермей жатсам, дереу көмекке келеді. Жетісай көпшілік ойлағандай қатал аймақ емес. Барлық жағдай жасалған. Әрине, жазда аула сыпыратынымыз рас (күлді). Бірақ көпшілік қорқатындай ештеңе жоқ. Таңертең алтыда тұрғызып, келінге аула сыпыртқан ешкімді көрмедім.

Алғаш келгенде қиналғаным рас. Алайда, қазір от жақпайтын, су тасымайтын, жемісі үзілмейтін, салты бұзылмайтын, ауа райы құбылмайтын Жетісайдың келіні болу нағыз рахат. Бойжеткендерге оңтүстік өңір мен Шымкент жаққа келін болудан қорықпаңдар дегім келеді", - дейді ол.

Қазақстандағы соңғы жаңалықтар мен фото, видео және өзге де эксклюзивтер жайлы алғашқылардың бірі болып біліңіз!

comments icon Пікірлер
Развернуть
"Жетісайдың келіні болған рахат": Блогер келін Шымкент жақтан қорықпауға шақырды (фото)