RU

Ақтөбеде кәмелет жасына толмаған аруды алып қашқан жігіттер ұсталды

Ақтөбеде 18 жасқа толмаған студентті желтоқсанның басында белгісіз адамдар ұрлап кеткен. Бұл оқиға туралы облыстық полиция егжей-тегжейлі айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Ақтөбеде кәмелет жасына толмаған аруды алып қашқан жігіттер ұсталды
Көрнекі фото: pixabay.com: Facebook

Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, колледж студентін ұрлап кеткені туралы хабарлама 2 желтоқсанда кезекші бөлімге түскен.

Осы оқиғадан көп өтпей тәртіп сақшылары Ақтөбе-Орал тас жолында күдікке ілінген көлікті тоқтатады.

Салонда екі жігіт пен кәмелет жасына толмаған қыз болған.

Осыдан кейін оларды полиция бөлімшесіне жеткізеді.

Студент қыз тәртіп сақшыларына жігітпен мессенджер арқылы тілдескенін, оны өмірде көрмегенін айтыпты.

Одан бөлек, бойжеткен ұрлау әрекеті болмағанын, көлікке өз еркімен отырғанын білдірген. Қыздың анасы да тиісті арыз жазып, істі тоқтатады.

Көбісі бұл оқиғада ешқандай қылмыс жоқ деп ойлайды.

Алайда, кәмелет жасына толмағандар жөніндегі инспектор Досым Болатұлы жағдайға алаңдаушылық білдіреді.

Сол себепті шамамен бір күннен соң, студент қыздың үйіне психолог және мұғаліммен бірге барған.

Осы кезде ғана бойжеткен шын мәнінде барлығы қалай болғанын айтып береді.

Оның сөзінше, белгісіз жігіт көшеге кездесуге шақырған. Бойжеткен ол жерге інісін ертіп барыпты.

Сол уақытта көлікті тағы бір жас жігіт отырған. Олар студент қызды алдап көлікке отырғызып, алып қашады.

Ал інісі анасына жүгіріп барып, не болғанын айтып берген. Әйел адам бірден "102"-ге хабарласқан.

Кәмелет жасына толмаған студентті жолда жас жігіттің біреуі қорқытқаны белгілі болды.

Бойжеткенді "оқиға туралы айтатын болсаң, ініңді өлтіремін" деп қорқытқан.

Сол себепті тәртіп сақшыларын алдауға мәжбүр болыпты.

Қазіргі уақытта күдіктілердің екеуі де полиция бөлімшесіне жеткізілді. Тергеу жұмыстары басталды.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1831418-korkytkan-aktbelik-student-zin-rlap-ketkender-turaly-tirik-ajtuga-mzbr-boldy.html