RU

Атырауда жеке тұрғын үйден үш адамның денесі табылды

Атыраудағы жеке тұрғын үйлердің бірінен үш адамның денесі табылды. Жұлдыз мөлтек ауданында болған қайғылы жағдайдың құрбандары – бір отбасының мүшелері. Мамандардың айтуынша, оқиға орнында қылмыстық әрекеттің ізі байқалмайды. Дегенмен олардың нақты неден қайтыс болғаны әзірге белгісіз деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Телеарнаның мәліметінше, көз жұмған ерлі-зайыптылар тоқсаннан асқан аталарымен бірге қала маңындағы жеке үйде оншақты жылдан бері тұрып жатқан. Көршілерімен де аса көп аралас-құралас болмағанға ұқсайды.

Олар тек темір есік пен дуалдың аржағынан ғана іште тіршілік бар екенін байқап жүріпті. Көз көргендерің айтуынша, ешкімге зияны болмаған отбасы мүшелері ішімдікке жақын болған.

Ал оқиға орнына бірінші жеткен төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері қылмыстық әрекетке айғақ боларлықтай ештеңе байқамаған. Газдан уланған да болуы мүмкін деген болжам бар.

"Полиция департаментімен сот медициналық сараптама тағайындалған соң белгілі болады. Қазір нақты ештеңе айта алмаймыз", - дейді Атырау қалалық ТЖБ бастығы Нұрлан Жаңабаев.

Қаза тапқандардың ең үлкені – 92 жастағы қария және 40-тан асқан ер адам мен келіні.

Аталмыш жайтқа байланысты полиция департаменті ҚК-тің 306-бабымен іс қозғады. 

Үш бірдей адамның өмірін жалмаған оқиғаның анық-қанығы да сараптамадан соң белгілі болмақ.

Отбасындағы төрт баланы құзырлы мекемелер жағдайы төмен отбасынан уақытша бейімдеу орталығына жіберген екен. Олардың тағдыры не болары әзірге белгісіз.

Дереккөз КТК арнасы

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1831482-atyrauda-zeke-trgyn-jden-s-adamny-denesi-tabyldy.html