RU

Ресейде Ми-28 тікұшағы құлап, екі адам қаза болды

Ресейдің оңтүстік-батысындағы Краснодар өлкесінде Ми-28 тікұшағы құлады. Апат салдарынан экипаж құрамында болған 2 адам қаза тапты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ РИА Новостиге сілтеме жасап.

Көрнекі сурет: pixabay.com
Көрнекі сурет: pixabay.com: Facebook

Ақпарат агенттігінің дереккөзі мәлім еткендей, апат орны табылды, тікұшақ қираған.

Tengrinews.kz ақпары бойынша, Ресей Федерациясының қорғаныс министрлігі тікұшақтың құлағанын растады. Әскери ведомствода атап өткендей, оқиға Кореновск аэродромы маңында болған. Тікұшақ түнгі мезгілде ауа-райының қолайсыз жағдайларында жоспарланған оқу-жаттығу ұшуын орындау кезінде апатқа ұшыраған.

Еске сала кетейік, биыл 27 наурызда Қызылорда облысы Жалағаш ауданында МИ-8 әскери тікұшағы апатқа ұшыраған болатын. Апат салдарынан экипаж мүшелері қаза тапты. Қорғаныс вице-министрі Талғат Мұхтаровтың сөзінше, апат болған тікұшақ бортында 13 адам болған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысындағы тікұшақ апатына қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы экипаж мүшелерінің қаза болғанын хабарлап, олардың жақындарына көңіл айтты.

"Қызылорда облысында Қорғаныс министрлігінің тікұшағы апатқа ұшырады. Әскери жаттығу кезінде Ақтау-Шымкент бағытында ұшқан. Өкінішке қарай, экипаж мүшелері қаза тапты. Тергеу жұмыстары жүргізіледі. Қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтамын. Отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі", - деп жазды президент.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1831537-resejde-mi-28-tiksagy-klap-eki-adam-kaza-boldy.html