RU

"Бір-бірін сүйреп әкетіп жатты": Желтоқсан қатысушылары алаңда не болғанын еске алды

Telegram logo VKontakte logo

Қазақстан халқы 16 желтоқсанда тәуелсіздік күнін атап өтті. 1986 жылы алаңға шығып, азаттықты аңсаған жастар қанды оқиғадан кейін алты жыл өткен соң еліміздің егемендігін алуға себепкер болған еді. Сол жылдағы көтерілістің куәгерлері де тарихи күнді бүгінге дейін ұмытқан емес. KAZ.NUR.KZ el.kz басылымына сұхбат берген желтоқсан қатысушыларының үзік сырын назарларыңызға ұсынады.

Фото: el.kz

Фото: el.kz: Instagram

Елордалық Гүлжамал Байменова бүгінде №77 мектеп-гимназиясының директоры қызметін атқарып келеді. 1986 жылы ҚазПИ-де тәлім алған ол алаңда тұрған күндерін былай деп еске алады.

"Біз, ҚазПИ-дің студенттері таңға дейін сол алаңда тұрдық. Бір айта кетерлігі, алаң бос қалмау үшін студенттер алмасып, келіп-кетіп жүрді.

Үш күн бойы қақаған қыста далада тұрудың өзі оңай емес қой. Таяқ жегендері бірін-бірі сүйреп әкетіп жатты.

Батыр ұлттың қайсар өрендері жарақат алса да, бастарын байлап, беттері қан-қан күйде қайта шеруге қосылып жатқандарын көрдік...

Қолымызға ағаштарды сындырып алып, өзімізше қаруланған болдық. Топ басшысы болғандықтан, көрініп қалсам керек, мені екінші күні жатақханадан алып кетті. Ұстауға келгенде, жеңіл киіммен жүргем, бөлмеге күртеше мен бәтеңке киіп келуге сұрандым.

Сол аралықта басқа студенттер "қашып кет" деп ақыл айтты. Сыртыма ілген күртешеммен жүгіріп екінші қабатқа барсам, жатақхана түгелдей әскерилердің қоршауында.

Ары-бері шығар есік іздеп жүріп, уақыт жоғалтып алдым. Сонымен не керек, қалпақсыз, аяғымдағы жеңіл тәпішкеммен ұсталып кеттім", – деп сол күнді еске алды желтоқсан қатысушысы.
Фото: el.kz

Фото: el.kz: Instagram

Өкініштісі, өрімдей жас студент қызды сол күні изоляторға қамаған. Онда қазақтың 28 қызы болған.

"Мен және тағы үш қызды "аса қауіпті қылмыскер" ретінде бөлек алып кетіп, ұзақ тергеу жүргізді. Бір түнгі мезгілде қазақ тергеуші келіп қалып, менің қашып шығуыма ықпал жасады.

Өзі 5-6 қадамдай жерге барып, мені көрмегендей темекі тартып тұрды. Көрсеткен есікке емес, мен жертөлеге қарай жүгіргем ғой.

Әлгі тергеушім "Тоқта!" деп тоқтатып алды да, неге олай бара жатқанымды сұрап, ұрысты. Бас киім менде болғандықтан, соны қалған қыздарға апарып бергім келетінін айттым.

Онымды тыңдамай, ақшам бар-жоғын сұрап, өзіндегі соңғы 5 рубльді қолыма ұстатып, "кет" деп шығарып жіберді. Ал мен қыстыгүні аяғымдағы тәпішкемен қаштым. Жатақханаға келсем, темір есік салып тастаған.

Бұл оқиғадан кейін де мені қамап, сұраулар жүргізді. Бірақ, бәрі жақсы аяқталды. Айтпақшы, ол кісі менің іс-қағазымның сыртына тегімді Баймирова деп жазып кетіпті. Содан да көп тергеуге түспедім-ау деп ойлаймын.

Желтоқсан оқиғасының суығы басылған соң, менің қашып шығуыма жәрдемші болған тергеушіні іздеп, мақала жарияладым.

Тек Оржанов деген тегі есімде қалыпты. Сөйткенімше, өзім қызмет жасайтын мектепке жастау жігіт іздеп келіп, соның ұлы екенін айтты. Өзінің түрі айнымай әкесіне тартыпты. Кейін ол кісімен кездесіп, естелікке сағат ұсындым.

Ал изоляторда қасымда болған үш қыздың тағдырынан еш хабарым жоқ. Тек бір қыздың тарихын менің оқиғаммен байланыстырады. Өкінішке қарай, оған сол кезде көп дәрі егілгеннен, есі кіресілі-шығасылы", - дейді желтоқсаншы.

Сол жылы алаңға шығып, көтеріліске шыққан тағы бір кейіпкер – Нұрлан Есқалиев. Ол сол оқиғадан кейін партиядан шығып, оқудан шеттетілгенін айтып берді.

«Атырауға барып екі жыл мұнайшы болып қызмет жасадым. Одан кейін, оқуды сырттай жалғастыруға мүмкіндік алдым, – дейді желтоқсаншы.

Фото: el.kz

Фото: el.kz: Instagram

Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Құрманғазы Айтмырза да сол күнді күрсініп еске алды.

"Студенттер үйіне кіргенде студенттік билетімізді беріп, аты-жөнімізді, кіріп, шыққан уақытымызды жаздыртамыз. Әлгі төртеуміздің есіміміз барлық жатақханаларда кездескен соң, құрыққа бірінші іліндік.

21 желтоқсан тергеуге шақырды. Тек бір айдан кейін абақтыға толықтай қамады. Біз мойындауға мәжбүр болдық.

Алты айдай уақыт тергеуде болып, бір жылдан соң барып, сот болды. Ақыры маған ҚазССР ҚК 60-65-баптар бойынша 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды...

Фото: el.kz

Фото: el.kz: Instagram

Сонымен, төрт жыл арқалап, Молдовияға кеттім...

Тек 1990 жылдың қаңтарында еркіндікке шықтым. Алматыға оралып, бітпеген оқуымның бес айын тәмамдап, Павлодар қаласының театрында он бес жылдай қызмет еттім", – деп сол күнді еске алды желтоқсаншы.

Қазақстандағы соңғы жаңалықтар мен фото, видео және өзге де эксклюзивтер жайлы алғашқылардың бірі болып біліңіз!

comments icon Пікірлер
Развернуть
"Бір-бірін сүйреп әкетіп жатты": Желтоқсан қатысушылары алаңда не болғанын еске алды