Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Айына 300 мың": Желіде жалдамалы әке іздеген келіншек көпті таңырқатты

Опубликовано:

Назым Осака есімді келіншек әлеуметтік желіде жалдамалы әке іздеп жүргенін хабарлады. 42 жастағы әйел адам керек кезде жанынан табылып, ақыл бере алатын "әкеге" айына 300 мың теңге төлеуге дайын екен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Айына 300 мың": Желіде жалдамалы әке іздеген келіншек көпшлікті таңырқатты
Фото: Видеодан кадр: UGC

Екі баланың анасы Астарлы ақиқат бағдарламасының назарынан да тыс қалған жоқ.

Ток-шоуға қонаққа келген келіншек неліктен мұндай қадамға барғанын, әкені неліктен жалдамақ екенін баяндап берді.

"Ата-анам мен бес жаста болғанда ажырасып кетті. 20 жасымда әкем қайтыс болды. Кішкентай кезімнен әкелік махаббатты көрмедім. Айтқанынан қайтпайтын адам еді. Мейірім көрмедім, ол кісі өте қатал еді... Ал анамның ойы немерелерінде. Ол кісі керемет жан.
Өз басым отбасы бар әкені іздеймін. Сол кісінің үйіне келіп түрсам, аралассам деген ой бар. Айына 300 мың теңге төлеймін", - дейді келіншек.

Сарапшылар арасында келіншекке бұл жағдайды жарияға жар салмай, әкені қарттар үйінен іздеуге ұсыныс тастағандар да болған еді. Алайда Назым Осака бұл сөздермен түбегейлі келіспей, өзіне нақты не керек екенін айтты.

"Қарттар үйінен іздесем, онда бәрін өзім істеуім керек. Мен махббатымды беруге міндеттімін. Ал маған ол керек емес. Менің өзіме махаббат керек. Шын мейірім керек жоқ. Тек сөзбен мейірімді болса, болды", - дейді екі баласы бар ана.

Назымның сөзінше, ол жалғызбасты ана. Алайда келіншек күйеуімен ажырасып кеткендіктен әкенің мейріміне зар болып жүр деген пікірлерді жоққа шығарды.

Оның айтуынша, жапондық жігітке тұрмысқа шығып, 10 жыл онымен бірге тұрған. Алайда 5 жыл бұрын ажырасып, Қазақстанға қайта оралған.

Ол Жапонияда әкені жалға алу - қалыпты жағдай екенін алға тартты. Айтуынша, тіпті, керек кезде отбасының кез келген мүшесін жалдауға болады екен.

Назым жалдамалы әке іздеуге деген құлшынысының қашан және қай жерде пайда болғанын да айта кетті.

"Құрбыммен кафеде шай ішіп отырғанда әкесі хабарласып: "Қызым қайдасың? Қазір мен сені алып кетемін" деді. Құрбымның жасы 50-ге келіп қалған. Сонда ойлаңызшы әкесі 70-те. Өзім қызғаншақ емеспін, бірақ сол кезде қызғанып кеттім", - деді кейіпкер.

Десе де, Назым Осаканың желідегі хабарландыруын шынайы қабылдап, әке болғысы келетін жандар да табылған екен.

Нұрлан Тілеулесов есімді ер адам бағдарламаға келіп, Назымға асқар тау болуға дайын екенін және ол үшін бір тиын да сұрамайтынын алға тартты.

"Мен негізі жалдамалы әке болуға ниетті емеспін. Әке іздеп жатқан қызға көмектесіп, бір кәдесіне жарайын деген ойым болды. Сол себепті де ниет білдірдім. Отбасым, бала-шағам, немерем бар.
Ақшаға деген құштарлық бұрынғы замандай жоқ. Қазір адамға адам керек екен. Туған-туыстарымнан бөлек, мені түсінетін адам табылса, Құдайға риза боламын. Назым екеуіміздің арамызда туысқандық сезім болса, сол жеткілікті", - деді ол.

Ер адамның сөзінше, ол бұған дейін бөтен балаға "әке" болып көрген.

"Негізі мұндай жағдайлар өмірімді жиі кездесіп келеді. Жас кезімде Ленинградта оқып жүргенде бейтаныс арулар хабарласып, сол жерде күйеусіз босанған келіншекке көмектесуімді сұрады. Сәбидің әкесі болып перзентханадан шығарып алсаңыз деді. Мен келістім", - деді кейіпкер.

Бағдарлама барысында анықталғандай, Назым мен Нұрлан аға бұған дейін әлеуметтік желі арқылы бірін-бірі көріп жүрген. Келіншек сөзінше, ол дәл осы кісі секілді әкесі болғанын қалапты.

Дегенмен екі баланың анасы Нұрлан Тілеулесовті әке ретінде қабылдауға асықпайтынын, жақсылап ойланып, шешім қабылдайтынын алға тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1831734-ajyna-300-my-zelide-zaldamaly-ke-izdegen-kelinsek-kpslikti-tayrkatty/

pixel