RU

"Өз қыздарымызды өзіміз сабасақ": Белгілі жазушы Желтоқсан оқиғасы жайлы айтты

Белгілі жазушы, драматург, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысты естеліктерімен бөлісті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: turkystan.kz, elimai.kz
Фото: turkystan.kz, elimai.kz: Twitter

Ол кезде жазушы ҚСР Мәдениет министрлігінде мәдениет басқармасында редактор болып істеген.

"16 желтоқсанда біз алаңда болдық. Мен ол кезде Мәдениет министрлігінде бас редактор болатынмын. Біраз адамдар алаңға келдік. Қарагөз қыздарымызды полиция сүйреп жатқанда қарап тұра алмадық. Әсіресе ұлты қазақ әскерилерге "өз қыздарымызды өзіміз сабап, шаштан сүйресек не боламыз? Жандарың ашымай ма? Ертең олардың оқуына,жұмысына кесірі тиеді ғой" деп араша түстік. Сонда қасымызда тұрған біреулер "мүмкін сіздер шығар арандатып жүрген" деп жүгіріп келді.
Негізінде оларды ешкім арандатқан жоқ, олар өздері режімге қарсы шығып жатыр. "Неге өз ішімізден басшы шықпады? Неге басқа адамды әкеледі. Қазақты қоймаса да, орыс кадрлар бар емес пе?" деп ұрандатты. 1986 жылы жастар осындай ұранмен шықты. Бұл әр республиканы өз азаматы билеуге қақысы бар деген СССР конституциясында жазылған заңын талап етті", - деді жазушы.

Оның айтуынша, сол бір қым-қуыт шақта биліктен қыспақ көргендердің бірі – жазушылар болған.

"Біздің редакция министрлікте қазақша сөйлейтін жалғыз редакция болатын. Жазушы, драматург, режиссерлердің барлығы мәдениет басқармасында болатын. Қазақша сөйлейтін, жазатын 7-8-ақ адам болды. Тіпті өз арамызда ішкі жиналыстарда да артық сөйлегендерді жазаға ұшыратты. Уәлиев деген жігітті қарсы сөйлегені үшін ақшасын төлетіп, билетін алдырып Мәскеуге алып кетті. Сол кезде шаш ал десе бас алатын адамдарды көрдік", - деді ол.

Жазушы тәуелсіздік алғаны туралы хабарды естігенде жүрегі жарылардай қуанғанын жасырмады.

"Алаштың ғасырлар бойы армандаған арманы орындалды. Өз алдымызға мемлекет болдық. БҰҰ мүше болдық. Өз жерімізге елімізге ие болдық. Ұлттық рәміздерімізді қабылдадық. Шекарамыз бекітілді", - деді Исабеков.

Драматург 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы халық жадында мәңгілік сақталатынын атап өтті.

"Желтоқсан қырғынын қалай ұмытамыз? Азаттық үшін жанын пида еткен жас өрімдей боздақтарымыздың рухына құран оқытып, еске алуымыз керек. Кейбір адамдар "Тәуелсіздік ешқандай қантөгіссіз, күрессіз келді" дейді. "Қазақстан егемендікті ең соңынан алды" деген пікір айтады. Балтық жағалауы елдері, Украина бірінші алғанда, неге біз кешіктік? Оған да кейін түсініктеме айтылды. Парламенттегі жоғары кеңесте қазақ ұлтынан басқа ұлттардың саны басымдау болды. Тәуелсіздік жарияланса олар қарсы болуы мүмкін еді. Оның үстіне Совет одағының іргесінің сөгілуіне Желтоқсан көтерілісі ықпал етті. Ең бірінші болып режімге қарсы біздің жастар көтерілді. Грузия емес, Балтық елдері емес. Момын қазақтар. Тәуелсіздікке ұмтылған біздің жастар болды", - деді Дулат Исабеков.

Айта кетейік, биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 28 жыл толып отыр.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1832123-z-kyzdarymyzdy-zimiz-sabasak-ne-bolamyz-belgili-zazusy-zeltoksan-okigasy-zajly-ajtty.html