RU

"Ешкім сенбейді": Алматыда анасына хат жазып қалдырған жеткіншек табылмай жатыр

Рассказать Вконтакте

Алматыда бір апта бұрын хабар-ошарсыз кеткен жасөспірім әлі табылмады. 15 жастағы Дамир Серікұлы зағиптар мен көзі нашар көретін балаларға арналған интернат тәрбиеленушісі. Ол білім беру мекемесінен кетер алдында анасына хат жазып қалдырған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

КТК телеарнасының видеосынан кадр

КТК телеарнасының видеосынан кадр

Дамирдың анасының айтуынша, баласын жоғары сынып оқушылары да, тәрбиешілер де ұрады екен. 15 жастағы Дамир бір апта бұрын таңғы сағат жеті жарым шамасында интернаттан шығып кеткен.

Сегізінші сынып оқушысы кетер алдында анасына хат жазып қалдырыпты.

"Маған ешкім сенбейді. Директор 10-12-інші сынып оқушыларын қорғап жатыр. Психолог та соларды қорғаштады. Олар мені "өтірік айтты" деп ойлайды. Бәрі мені "тоқылдақ" дейді", - делінген хатта.

Әрі анасынан кешірім сұрап, бұл оның соңғы сөздері екенін жеткізіпті.

Сол күні таңғы асқа барудан бас тартқан оқушы ғимараттан қосымша есік арқылы шығып кетіпті.

Жеті күннен бері жаны жай таппай жүрген Айгүл ұлының интернаттан қашуына жоғары сынып оқушылары мен тәрбиешінің жиі қол көтеруі себеп деп есептейді.

"Балам өзі айтқан. Айжан Оразхановна ұратын, кітаппен де ұратын. "Откуда вы здесь такие беретесь" деп орысшалап тұрып айтатын. Оларды қорқытады, "есепке қоямыз" деп, менің балама өзі айтқан. Кетер күні, 11-де, қызыммен сөйлескен кезде айтқан: "11-ші сыныптың балалары, екі ұл, 11-ші сыныптан екі ұл, 12-ші сыныптан төрт бала ұрды" деп айтқан", - дейді Дамирдің анасы Айгүл Оралбаева.

Дамир осының бәріне шыдамай, қашып кеткен көрінеді.

Ал оқушыдан көз жазып қалған интернат қызметкерлері мұның бәрін жоққа шығарды. Айтуларынша, Дамирдің көзі нашар көргенімен қоймай, психикалық дамуы тежелген. Сондықтан мұнда оған өзгелердің қол ұшын тигізуі "мүмкін емес" деп отыр.

"Ондай болмады, жоқ деп мен нақты айта аламын. Бала саны аз болғандықтан, бізде әрбір баланың ісәрекеті тәрбиешілердің, мұғалімдердің, біздің көз алдымызда", - деді №4 зағиптар мен көзі нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернаты директорының орынбасары Бақытгүл Жұмаділова

Жасөспірімді еріктілер, интернат қызметкерлері мен полицейлер жер-жерден іздеп жатыр. Олар осыған дейін қаладағы сауда орындары мен вокзал маңайын қарап шыққан. Бірақ, еш нәтижесіз. Оқушы ұялы телефонын да интернатта тастап кетіпті. Уайымдаған ана ұлының аман-есен табылуын тілеумен ғана отыр.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
"Ешкім сенбейді": Алматыда анасына хат жазып қалдырған жеткіншек табылмай жатыр
Mailfire view pixel