RU

Бекболат Тілеухан партия құрмақ болған келініне қатысты пікір білдірді

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында депутат Бекболат Тілеухан партия құрмақ болған келініне қатысты пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Бекболат Тілеухан. Фото: inbusiness.kz
Бекболат Тілеухан. Фото: inbusiness.kz: Depositphotos

Бекболат Тілеуханның сөзінше, "Хақ" партиясын құрғалы жатқанын айтқан әйел адам - шын мәнісінде өзінің келіні.

"Он адам болса, он түрлі пікір болады. Ол менің келінім екені рас. Өзінің саяси көзқарасы, өмірлік ұстанымы бар. Бірақ мен бір партияда жүріп, екінші партияға секіре беретін адам емеспін", - деген депутат Nur Otan" партиясының белді мүшесі екенін еске салды.
"Белді мүшесі ғана емес, сол партия гимнінің авторымын. Партияның төрағасы Назарбаевтың ұстанған саясатын жалғастыруға, былайша айтқанда, соның насихатшысы болған адаммын", - дейді Тілеухан.

Сондай-ақ, халық қалаулысы бір партиядан шығып, екіншісіне ауысу адамгершілікке де, саяси мәдениетке де жатпайтынын атап өтті.

"Келін дегенімен, туған балам емес. Сосын келін түгілі ішіңнен шыққан балаң да тіліңді ала ма, алмай ма, өзінің көзқарасы. Қазір сондай заман, демократияның заманы. Біреу тауар өндіремін дейді, біреу партия құрамын дейді. Басқа қылам деп жатады. Оның да көзқарасына құрметпен қарау міндетіміз. Оның да өз көзқарасы бар шығар. Бірақ бұл жерге келген кезде, біздің саяси көзқарасымыз екі жаққа кетіп қалғанын жасырмаймын", - дейді Бекболат Тілеухан.

Еске сала кетейік, бұған дейін Тоғжан Қожалиева есімді келіншек ХАҚ партиясын құруды жоспарлап отырғанын, ол қазіргі мемлекеттік жүйені қалыпқа келтіруді көздейтінін айтқан болатын.

Қожалиева "Халыққа адал қызмет" партиясын құруға дайындық жұмыстары жүріп жатқанын, алайда әлі партия деп жарияламайтынын айтқан еді.

"Біздегі саясаткерлердің көбі қателік жібереді. Партия құрамыз деп жұртты жинап, пресс-конференция өткізеді. Бірақ, құрамыз деген сөзден басқа ештеңе жоқ. Не бағдарламасы жоқ, не жарғысы жоқ, не алдына қоятын мақсаттары мен жоспарлары жоқ. Сол қателікті қайталамас үшін біз қазір партияның бағдарламасы мен жарғысын жасап жатырмыз. Біз партиямыз халыққа танымал болу үшін алдымен іспен дәлелдемекшіміз. Партияның ісі ел аузына іліге бастағанда партия құруға болады" - деген еді Тоғжан Қожалиева.

Айта кетейік, жаңадан құрылғалы жатқан партия 11 бағытты ұстанбақ.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1832730-bekbolat-tileuhan-partia-krmak-bolgan-kelinine-katysty-pikir-bildirdi.html