RU

Келер жылдың 1 шілдесінен бастап жәбірленушілерге өтемақы төленеді

2020 жылдың 1 шілдесінен бастап жәбірленушілерге өтемақы төленеді. Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасының мәліметінше, Мемлекеттік өтемақылар қылмыстан зардап шеккен адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың қолданыстағы тиімді тетігі болып саналады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап хабарлайды.

Көрнекі фото: osegredo.com.br
Көрнекі фото: osegredo.com.br: Depositphotos

Құқық қорғау органының хабарлауынша, 2018 жылы "Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы" заңның қабылдануымен елімізде қылмыстан материалдық зардап шеккен, алайда қылмыстың ашылмауы немесе қылмыскердің соттан жасырынуы себепті өтемақыны өндіріп алуға мүмкіндігі жоқ адамдарға шұғыл қажетті көмек көрсетуге арналған институт құрылған.

 Жәбірленушілерге қордан өтемақы төлеу өндіріп алушыға қатысты жасалған құқық бұзушылықтың санатына қарай 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін бір реттік төлем түрінде 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап іске асырылады.

Сонымен қатар, адам жәбірленуші деп танылған күннен бастап 3 жылдың ішінде қылмыстық қудалау міндетін атқаратын мемлекеттік органға өзіне өтемақы тағайындау туралы өтініш жасауға құқылы.

Өтемақы сексуалдық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған кәмелетке толмағандарға, адам саудасымен және азаптаумен байланысты қылмыстар бойынша жәбірленушілерге, қылмыс салдарынан денсаулығына ауыр зиян келтірілген не АИТВ/ЖИТС жұқтырған адамдарға, Қылмыстық кодекстің баптары бойынша жәбірленуші қайтыс болған жағдайда жәбірленуші құқықтары берілген адамдарға беріледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін алматылық 117 отбасы бұзылатын тұрғын үй үшін өтемақы алғанын хабарлаған едік.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1832890-keler-zyldy-1-sildesinen-bastap-zbirlenusilerge-temaky-tlenedi.html