RU

Күйеуі қамалған Айтматовтың қызы саяси күресті тоқтатпайтынын мәлімдеді

"Үміт 2020" саяси қозғалысының жетекшісі, қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қызы Шырын күйеуінің қамауға алынғанын өзінің саяси ісімен байланыстырды. Ол елде әділеттілік орнату мақсатында күресті жалғастыра беретінін алға тартты деп жазады Centralasian.org.

Күйеуі қамалған Айтматовтың қызы саяси күресті тоқтатпайтынын мәлімдеді
Шырын Айтматова. Фото: azh.kz: Facebook
"Күйеуімнің қамалуы "Үміт 2020" қозғалысының жұмысымен тікелей байланысты. Билік осылай менің ұрыларға қарсы күресімді тоқтатуға әрекет етіп жатыр. Құқық қорғау органдары сыбайлас жемқорлықпен күресудің орнына бізбен күресуде. Күйеуімнің қамауға алынғанына қарамастан "Үміт 2020" қозғалысы елде әділеттілік орнату мақсатында күресті жалғастыра береді", - деді Айтматова.

19 желтоқсанда Алматы әуежайында ұсталып, Қырғызстанға жеткізілген Сыргак Кенжебаев Бірінші май аудандық сотының шешімімен екі айға қамауға алынған.

Ол ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.

Сыргак Кенжебаев 37 жаста. Ол бұған дейін Қырғызстанның сақтандыру ассоциациясын басқарған.

Кейін Инвестицияларды қорғау және дамыту агенттігінің төраға орынбасары қызметін атқарған. Әділет министрлігінің мәліметі бойынша, ол бес-алты компанияның директоры болған.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін 19 желтоқсанда Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты, әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қызы Шырын Айтматова Twitter парақшасында күйеуі Сырғақ Кенжебаевтың Алматы әуежайында жоғалып кеткенін хабарлады. Кейінірек Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Кенжебаевтың "аса ірі көлемде алаяқтық жасады" деген күдікпен ұстағанын мәлімдеді.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1833114-kjeui-kamalgan-ajtmatovty-kyzy-saasi-kresti-toktatpajtynyn-mlimdedi.html