RU

"Абыройын шашумен айналысады": Дәстүрлі әнші тележобаларды сынап тастады

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жыршы-термеші Айгүл Елшібаева телеарналардағы қазіргі жобаларға назын білдірді. Белгілі дәстүрлі әнші халықтың санасын оятып, таным көкжиегін арттыратын бағдарламаларды көбейту қажет екенін алға тартты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: instagram.com/aigulyelshibayeva01
Фото: instagram.com/aigulyelshibayeva01: Twitter
"Қазіргі телеарналардағы тұлғалардың өміріне арналған бағдарламалар, жеке басындағы шаруасын елге жариялап, абыройын шашумен айналысатын өсекші бағдарламаларға айналды.

Ел алдында жүрген білімі, интелектісі жоғары, елге үлгілі болатын тұлғалардан азғындалған сұрақтарды ой-өрісі тар журналист ойлап таппаса, өнердің құндылығы, өмірдің мәнін ұғындыратын, адамның адами құндылығын насихаттайтын бағдарламалар некен-саяқ.

Шетелдің бағдарламаларынан үлгі алып рейтинг жинаймыз деп шығысқа тән, мұсылмандық қазақылық сипатымыздан айыратын ұятсыз бағдарламалар пайда болды.

Рейтинг көтереміз деп ел алдында жүрген азаматтардың абыройын шашу, келешек ұрпаққа үлгі болатын тұлғадан айырумен тең. Мөңке би айтқандай, ақыр заман болғанда кебір- жебірге теңеледі, білімсіз- білімдіге теңеледі дегеннің кебі ма?

Телеарнада отырған қолында қауғасы барлар рейтинг деп өлмей, келешек ұрпақты тәрбиелейтін телеарналық бағдарламалар, көрерменді дүбәрә, дімкәс қылмай, көркем ойлы, саналы парасаттылыққа ұмтылдыратын бағдарламалар ашайық.

Біреудің отбасының ұрыс-керісі, сәтсіз некелі тағдырымен елге тәрбие беремін деу, ұрпақты диуанаға айналдыру ғой.

Бұрын жыраулар елдің әдебиетін, тарихын, шежіресін, діни-таным түсінігін елге жырлау арқылы тәрбие берді. Қазір телеарнадағыларға жыраулық дәстүрді жаңғыртып, ,,Терме,, хабарын ашайық десе өре түрлеліп қашып, жолатпайды.

Әлде, олар иман мен тәрбиеден бейхабар ма? Совет одағында кеңестің қылышы қан тамып тұрғанда ,,Термелер мен толғаулар,, бағдарламасы болған, телеарналарда ұлттық өнерді қолдаған намысты қазақы азаматтардың арқасында жасалынған дүние еді.

Ал, тәуелсіздік алғанда сол бағдарламаны неге көтермеске? Әлде ұлттық арналарда қазақтың руханиятына, мәдениетіне жаны ашитын азаматтардың аздығы ма? Парақшама Болатбек жыраудың азғана үзігіне қаншама оқырман рухтанып, осындай терме бағдарламасын көрмейміз деп жазды.

Біз болашақ ұрпаққа нені үлгі етеміз? Рухы әлсіз елден намыссыз, отанын сатқан ез ғана туады. Сондықтан рухани өмірге нәр беретін классикалық жыраулық өнерді дәріптейік, телеарна", - деді Айгүл Елшібаева.

Айта кетейік, осыған дейін Мұхтар Тайжан Димашқа ақыл айтатындарды сынаған еді.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1833134-abyrojyn-sasumen-ajnalysady-dstrli-nsi-telezobalardy-synap-tastady.html