RU
Мұғалімдер жалақысының өсуі, мектептерді бейнебақылаумен қамту: Алдағы бес жылда білім саласы қалай өзгермек?

Мұғалімдер жалақысының өсуі, мектептерді бейнебақылаумен қамту: Алдағы бес жылда білім саласы қалай өзгермек?

Рассказать Вконтакте

Алдағы бес жылда мұғалімдер жалақысы 100 пайызға артатын болады, сонымен бірге мектептер толығымен бейнебақылаумен қамтамасыз етілмек. 19 желтоқсан күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Білім және ғылым саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жобасы таныстырылып, министрліктің алдында тұрған өзге де бірқатар маңызды міндеттер ұсынылды деп хабарлайды NUR.KZ.

Мұғалімдер жалақысының өсуі, мектептерді бейнебақылаумен қамту: Алдағы бес жылда білім саласы қалай өзгермек?

Фото: primeminister.kz

Үкімет отырысында еліміздің білім және ғылым саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қорытындыланып, 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарлама таныстырылды. Жиын барысында алдағы бес жыл ішінде Білім және ғылым министрлігінің алдында тұрған міндеттер мен қолға алынатын жұмыстар талқыланды.

Министрліктің келесі бесжылдықта атқарар жұмыс ауқымы аз емес. Ведомствоның алдында мұғалімдер жалақысын арттыру, ауыл мен қала арасындағы білім беру алшақтығын қысқарту, дарынды ауыл балаларына қолдау көрсету, білім беру мекемелерінің басшыларын жаңа жүйе арқылы тағайындау, техникалық және кәсіптік білім беру мен жоғары білім сапасын көтеру, ғылым саласының нәтижелілігін арттыру секілді міндеттер тұр.

Бұл міндеттер Білім беру және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында шешілуі тиіс. Мәселен, мемлекеттік бағдарлама бойынша келер бес жылдың ішінде 12 индикатор, 71 көрсеткіш және 262 іс-шараны орындау көзделіп отыр.

Жаңа бағдарлама бойынша білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындау енді өзгеше тәсілмен жүзеге аспақ. Олардың қызметі KPI бойынша бағаланып, білім саласын тиімді басқару мәселесіне көңіл бөлінетін болады.

Бүгінгі таңда оқушылардың қауіпсіздігі мәселесі де елді алаңдатып отырғаны белгілі. Бұл мәселенің шешімін табу үшін министрлік барынша күш салып отырған көрінеді. Ел мектептерін толықтай бейнебақылаумен қамтамасыз ету 1-2 жылда мүмкін болмақ. Үкімет отырысынан кейін журналистермен кездескен ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов мектептерді бейнебақылаумен қамту проблема еместігін кесіп айтты.

«Бейнебақылау бойынша келесі жылдың соңына дейін жергілікті басқарудың барлық органдары бұл мәселені шешуі тиіс деген міндет қойып отырмыз. Бұл айтарлықтай үлкен проблема емес. Балаларды қорғау мен тасымалдауды қамтамасыз ету үшін 2025 жылды күтудің қажеті жоқ», - деді ол.

Сонымен бірге, мектептердегі буллинг, оқушылардың өз-өзіне қол жұмсауы секілді проблемалардың орын алуын шешуге де күш салынып отыр. Орта білім беру мекемелеріндегі психологтардың жетіспеушілігі мен психолог мамандарының біліксіздігі – мәселенің бір ұшы, дейді ол.

«Өкінішке қарай, бізде мектептерде психологтар жетіспейді. Бар психологтардың біліктілік сапасы сын көтеретіндей емес. Сондықтан, әлеуметтік-психологиялық қызмет саласы нығайтылатын болады», - деп уәде етті Білім министрі.

Баспасөз мәслихатында елдегі жастар мен орта буын өкілдерінің білім сапасын салыстырған журналист Зарина Берімқұл мектепті жаңа бітіргендердің білімі айтарлықтай төмен екенін айтып, министрлік жұмысына сын айтты. Сонымен бірге, ол Қазақстан халқының білім сапасы халықаралық зерттеу жүйесі бойынша төмен нәтиже көрсеткенін жеткізді. Жаңартылған білім жүйесінің тиімділігіне күмән келтірген тілші министрліктің осы мәселеге қатысты қандай жұмыстар жүргізетінін сұрады.

Осы орайда жаңа бағдарламаға енген сапаны бақылау мен бағалаудың жаңа жүйесін жүзеге асыру міндеті халықтың білім алу сапасын арттыруға сеп болуы мүмкін. Министрдің айтуынша, бұл үшін мектептер ғана емес, колледждер мен ЖОО да мамандарды даярлауда жұмыс берушінің талабына сай келетін түлектерді ұсынуы тиіс.

«Биыл біз PEAK халықаралық зерттеуіне қатыстық. Бұл өте жақсы зерттеу. Тұтас алғанда, Қазақстан халқының нәтижесі жаман емес. Бірақ, әрине біз бұдан да жақсы нәтижелер күттік. Сондықтан, бұл бізді қанағаттандырып отырған жоқ. Мәселен, 25-30 жастағы азаматтар мен 50-60 жастағылардың білім деңгейінде үлкен алшақтық бар. Еуроодақ елдерінде бұл көрсеткіш керісінше. Бұл, біріншіден, біздің жоғары білім беру сапасын арттыруға көңіл бөлу қажеттігін көрсетеді», - деді ведомство басшысы. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметін лицензиялау да дәл осы мәселелерді шешуді көздейді.
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel