RU

Дариға Назарбаева депутаттарды шалғайдағы ауылдарға жіберді

Сенат төрайымы Дариға Назарбаева депутаттарға ауылдардағы білім беру, денсаулық сақтау және интернет жүйесіндегі цифрландыру мәселесін шешуді тапсырды. Бұл туралы парламент жоғарғы палатасының баспасөз қызметі мәлім етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Newtimes.kz-ке сілтеме жасап.

Фото: Парламент жоғарғы палатасының баспасөз қызметі
Фото: Парламент жоғарғы палатасының баспасөз қызметі: Facebook

Сенат төрайымының айтуынша, қазір өңірлерде "интернет жоқ және мұғалімдердің жүктемесін арттырады" деген сылтаумен электронды "Күнделік" қызметін жауып жатыр.

"Неліктен электронды күнделік әкімдіктер мен жергілікті білім беру басқармалары үшін тиімсіз? Себебі, ол толықтай білім беру жүйесін, тестілеуді, сабаққа қатысу және сабақ өткізу көрсеткіштерінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда "Күнделік" іс жүзінде барлық сабақтардың өткізілуін немесе тек қағаз жүзінде тіркелуін, оқушылардың үлгерім деңгейін, мұғалімдердің даярлығын көрсетеді. Бұл олар үшін тиімсіз", – деп сынады сенат спикері.

Айта кетейік, кең жолақты интернет облыстағы 519 ауылда қолжетімді. Алайда, олардың тек 53 пайызы сапалы интернетпен қамтылған. Сол себепті, Солтүстік Қазақстан облысының мұғалімдеріне интернет жүктемесі төмендейтін түнгі уақытты күтіп, немесе электронды күнделікті толтыру үшін көршілес ауылдарға баруға тура келеді.

Осы орайда сенат төрайымы ауылдағы нысандарға жоғары жылдамдықты интернет өткізу үшін әкімдіктерге бөлінген қаражаттың игерілуін тексеру қажеттілігіне тоқталды.

Сондай-ақ Дариға Назарбаева интернет тарифтеріне назар аударды.

"Неліктен біздің медициналық мекемелер үшін интернет тарифтері бірнеше есе жоғары, ал интернеттің жылдамдығы бірнеше есе төмен. Оның үстіне, "Қазақтелекомға" жыл сайын осы мақсатта мемлекеттен субсидия беріледі", – деді ол.

Еске сала кетейік, сенат төрайымы Дариға Назарбаева Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында шенділерді әлеуметтік желі арқылы есеп беруге шақырған болатын.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1833201-dariga-nazarbaeva-deputattardy-salgajdagy-auyldarga-ziberdi.html