RU

Бейбіт Ыстыбаев: Елбасымыз өзінің мөрі бар қолындағы сағатын шешіп берген

Рассказать Вконтакте

Үш дүркін "Қазақстан барысы" атанған Бейбіт Ыстыбаевтың бүгінгі жетістіктері қандай? Қазақ күресінен шеберлігімен елді тамсандырған бұрынғы балуан спорттан кеткеніне өкінбей ме? Боз кілемде 18 жыл белдескен оның түйгені қандай? Белгілі спортшыға кімдер сыйлық жасады? Бейбіт Ыстыбаев осы сауалдардың жауабын айтып, KAZ.NUR.KZ-ке сұқбат берді.

Фото: instagram.com/istybayev_beibit

Фото: instagram.com/istybayev_beibit

Бейбіттің айтуынша, спортпен қоштасқанына үш жыл болған.

"2017 жылы соңғы рет күрескен екенмін. Қазір Жамбыл облысы Тараз қаласында жекпе-жек кәсіпқой спорт клубын басқарып, балуандарды дайындап отырмын. Жамбыл облысының спортына қан жүгіртсек пе деген ойдамыз. Елбасының "Туған жерге туыңды тік" жобасымен Жамбылға барып, спортты дамытуды қолға алып жатырмыз. Қазақ күресінің қазіргі деңгейі жақсы", - дейді ол.

Өз ізбасарларын дайындап жүрген жамбылдық бұрынғы балуан спортпен ерте қоштасқан жоқ па? Жауапты спортшының өзінен сұрадық.

"Әрине мүмкіншілік болды. Бірақ жастарды спортқа тарту керек. Қазақстан барысына жеті жыл қатысып, күшімді, өнерімді көрсеттім. Жастарға жол берген дұрыс. Келесі буын "Қазақстан барысы" болып, әрі қарай оларға еліктеп басқа жастар шықса екен деген ой болды. Спорт ешқашан жалықтырмайды. Кейде әлі де анда-санда шығып күрескім келеді.
Спорт қанша тартып тұрса да тоқтайтын уақытыңды білу керек. 18 жыл күресіппін. Негізгі мақсат чемпион болу емес. Ең бастысы үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсететіндей мінез қалыптастыру. Аллаға шүкір, спортқа еш өкпем жоқ, маған осының бәрін үйретті. Кеш емес, ерте емес уақытын қойдым деп ойлаймын", - дейді Ыстыбаев.

Сұқбат барысында ол өзіне қолдау көрсеткен ағаларының бар екенін жасырмады.

"Қазақта "Балам дейтін елім болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын" деген жақсы мақал бар. Бізде жанашыр ағалар көп. Өзіңнің мақсатың дұрыс, еңбектене білсең қолдау көрсетеді. Қанат Бозымбаев ағам маған көп көмектесті. Үйімді, көлігімді алып берген. Ел басқарып жүрген көптеген ағалар қолдау көрсетті.
Мақсатымыз - халыққа қызмет көрсету. Өмірден ерте ме кешпе өтесің. Әркімнің көзіне тік қарай алатындай, жаман сөз жүрмейтіндей адал өмір сүрсем деймін. Дүние келеді, кетеді. Әке-шешеңді құрметтеп, достарыңа, бауырларыңа адал болғаннан артық ештеңе жоқ.
Еңбегіңе берілген әр сыйлық өзінше ерекше, құнды. Елбасымыз өзінің мөрі бар қолындағы сағатын шешіп берген. Мені спортқа жігерлеген Асхат Шахаров ағамызға алғысым шексіз. Асхат ағамдай болам деп мақсат қойған болатынбыз", - дейді Ыстыбаев.

Бүгінде Бейбіт үш баланың әкесі. Ұлы да, қызы да бар. Ата-анасымен бірге Тараз қаласында тұрады.

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Бейбіт Ыстыбаев: Елбасымыз өзінің мөрі бар қолындағы сағатын шешіп берген
Mailfire view pixel