RU

7,5 млн теңге үшін екі инкассаторды атып өлтірген Түркістан тұрғыны сотталды

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Түркістандағы инкассаторлардың өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Биыл аталған өңірде орын алған ең атышулы тонау мен кісі өлімі бойынша істі қарау аяқталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: NUR.KZ

Көрнекі фото: NUR.KZ

Бұған дейін Арыс ауданының Қазпошта бөлімінде 10 жылға жуық қызмет атқарған 38 жастағы Нұрбек Ж. қарыздары мен банк несиелері үшін зейнетақы қаражаты тиелген инкассаторлық көлікті тонауды ойластырған.

Зейнетақы жеткізу кестесін, инкассаторлық көліктің бағдары мен инкассатор қызметкерлердің жеке басына қатысты мәліметтерді жақсы білген ол шабуыл жоспарын құрған. 2019 жылғы маусым айының басында Нұрбек өзіне алиби жасау үшін еңбек демалысына шыққан. Әріптестеріне Арыс ауданы маңайында аңға шығуды жоспарлайтынын айтыпты.

Қылмыс болған күні, 7 маусымда ол таныс инкассатор қызметкерлеріне хабарласып, солардың бағдары бойынша жол-жөнекей орналасқан шалғайдағы алқапқа жеткізіп тастауын сұраған.

Нұрбектің қолында мылтығы болған. Алайда, оның аңға шыққанын естіген инкассатролар қаскөйдің теріс пиғылы жөнінде күмәнданбаса керек. Түзге шыққанда Нұрбек екі танысын да аяусыздықпен атып өлтірген.

Мәйіттерден құтылған соң көлікті шамамен тағы бір шақырым жерге айдап апарып, ақшаны алып кеткен. Қылмыскер Арыс ауданындағы елді мекен тұрғындарының зейнетақыларын төлеуге арналған 7,5 миллион теңгені олжалаған.

Полиция шұғыл түрде қылмыскерді анықтап, ізін суытпай қолға түсірді. Тәртіп сақшылары кісі өлтіру мен инкассатор тонау фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады.

"Түркістан облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Нұрбекті ҚР ҚК-нің 192 бабы 4-бөлігінде (аса ірі көлемдегі қарақшылық шабуыл) және 99 бабы 2-бөлігінің 1, 2, 8-тармақтарында (пайдакүнемдік ниетпен қызметтiк борышын жүзеге асыру кезінде екі немесе одан көп адамды өлтіру) қарастырылған қылмыстарды жасау бойынша кінәлі деп таныды.
Сот сотталушыға қатысты қатаң режимде 24 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі", – деп мәлімдеді Түркістан облысы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының үйлестіруші-судьясы Дәурен Мадалиев.

Сондай-ақ қылмыскердің жолдасы Қасымхан Т. есімді азамат ҚР ҚК-нің 434 бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталғандар істі қайта қарауға өтініш беруге ниет білдірді.

Еске сала кетейік, жақында өзі жалдаған өзбек жұмысшысын өлтірген Маңғыстау тұрғыны 10 жылға сотталды.

Сондай-ақ Қаратауда 8 жасар қызды асқан қатігездікпен өлтірген ер адамның өмір бойына сотталғанын хабарлаған болатынбыз.

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
7,5 млн теңге үшін екі инкассаторды атып өлтірген Түркістан тұрғыны сотталды
Mailfire view pixel