RU

Абай атындағы опера театрының әртістері жанайқайын жеткізді

Алматыдағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында дау шықты. Хор әртістері өз жетекшілерін ірі көлемде қаражат жымқырған деп айыптауда. Шығармашылық ұжым мекемеде аудиторлық тексеріс жүргізілуін талап етіп отыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

Фото: camonitor.kz, "КТК" телеарнасының сюжетінен
Фото: camonitor.kz, "КТК" телеарнасының сюжетінен: Facebook

Қызметкерлер хор жетекшісі Әлия Темірбекованың ұзақ жылдар бойы жеке үстеме ақыларды өз пайдасына қысқартып отырғанын мәлімдеді.

Театр бюджетінде ақшаның жетіспеушілігі жарты жыл бұрын жүргізілген қызметтік тергеу барысында анықталыпты. Алайда, әртістердің ақшалары сол күйі қайтарылмаған.

"Мына қағаздарда Темірбековның ақша жымқырғанын дәлелдейтін фактілер бар. Оның екі көмекшісі – Қысықова мен Мейнерман бес жылдан астам уақыт бойы жарты жалақыға жұмыс істейтін қызметкерлер қатарында есептеліп келген. Алайда, ешқашан спектакльдерге шықпаған. Қойылымдарға қатыспаған, бірақ ақша алып отырған. Хорға тиесілі қаражатты иемденген. Бұл жымқыру емес пе?", – дейді хор әртісі Нұрлан Әлімбетов.

Театрдың 20 әртісі хор жетекшісін ірі көлемде қаражат жымқырған деп айыптауда. Айтуларынша, ол бес жылға жуық уақыт бойы жеке үстеме ақыларды заңсыз қысқартып отырған.

Шығармашылық ұжым мүшелері бұл жөнінде мәдениет министрлігіне де шағымданып, хат жолдаған. Театрда қызметтік тексеру жүргізілді. Көптеген миллиондаған ақшаның жұмсалып кеткені расында да анықталған. Содан кейін хор жетекшісі қызметінен босатылған. Алайда, ақша үшін емес, жұмыс орнында үш сағаттан артық уақыт болмағаны үшін оған қатысты осындай шара қабылданыпты. Сол кезде шығармашылық ұжымның бір бөлігі оны қорғауға кіріскен. Бір ай бұрын Темірбекова бұрынғы қызметіне қайтып келген.

"Біз аудиторлық комиссия келуін талап етеміз. Бұл қазір шұғыл түрде қажет. Біз барлық жерге жазғанбыз: "Нұр Отанға", президенттің атына да хат жаздық, бірақ, министрлікке жүгініңдер деп қоя берді. Шара қолданатын ешкім жоқ немесе оның артында тұрған біреуі бар. Жетекшіміз өзін қолдамайтын адамдарды қойылымға шығармайды. Бірақ біз әртіспіз ғой, сахнаға шығып өнер көрсетуіміз керек", – дейді шығармашылық ұжымның тағы бір мүшесі Шолпан Әлпейісова.

Театр басшылығы ұжымдағы жағдайдың ушыққанын мойындап отыр. Бірақ шарасыз. Ішкі тексеріс нәтижелерін министрлікке жібергендерін, алайда, ешқандай нақты нұсқаулар келмегенін мәлімдеуде.

"Хор жетекшісі кейбір әртістердің үстеме ақыларын қысқартып отырған. Өкінішке орай, ұзақ уақыт бойы бұл әрекеттері ешқандай бұйырықтармен бекітілмеген. Әртістер де бұл жайында хабарсыз болған. Сәйкес органдарға барлық материалдар жіберілген, сондықтан да дирекция бұл орайда қолдан келгеннің барлығын жасауда. Бұл мәселе мәдениет министрлігінің де бақылауында", – дейді театр директорының шығармашылық мәселелер жөніндегі орынбасары Қанат Қаражанов.

90 жылға жуық тарихы бар киелі өнер ошағының әртістері бір жыл бойы бұл мәселенің шешімін таппай келеді. Шығармашылық ұжым Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына да жүгініп, хат жолдаған. Қазір құзырлы органның жауабын күтіп отыр.

Еске сала кетейік, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жыршы-термеші Айгүл Елшібаева телеарналардағы қазіргі жобаларға назын білдіргенін хабарлаған болатынбыз.

Дереккөз: КТК арнасы

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1833685-abaj-atyndagy-opera-teatryny-rtisteri-zanajkajyn-zetkizdi.html