RU

"Кедей" күйеуді байытудың жолдарын білесіз бе

Кез келген қыз тұрмысқа шыққаннан кейін бақуатты өмірді армандайды. Дегенмен арулардың көпшілігі отбасын байыту да, өмір бойына кедейшілікте өмір сүру де өзінің қолында екенін біле бермейді. Осы ретте KAZ.NUR.KZ порталы Ernur.kz-ке сілтеме жасап отағасын байытудың жолдарын ұсынады.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

"Мал таппас ер болмас, құрарын айт, бала таппас әйел болмас, тұрарын айт" деген даналы сөзді халқымыз тегін айтпаса керек. Қолынан іс келіп тұрған, бастысы, жалқау емес, еңбекқор жігітті таңдасаңыз, одан миллионер жасап шығару ханымдардың қолында. Ақылды әйел болсаңыз, түсіністікпен қарап, еріңізді қолдап, демеп отырсаңыз, тек қана ұтасыз.

Қолданбайтын, жай ғана әдемі болғаны үшін қызығып ештеңе сатып алмаңыз. Тұрмысқа қажетті, өте зәру болып тұрған затты сатып алсаңыз, сіз де қуанасыз әрі үнемі пайдалана аласыз. Тек қана сөреге қою үшін сатып алынған бұйым - артық шығын.

Көрпеңізге қарай көсіліңіз! "Мен ана досымнан қалып қоймайын", "Мен құрбыма қымбат сыйлық жасауым керек" деп күйеуіңізді әбігерге салып, қиын жағдайға қалдырмаңыз. Сіздің көңіліңіз үшін, құрбыңызға сол қымбат сыйлықты "сатып" алып беруі мүмкін, бірақ, қарызға батып... Оның сізге қажеті не? Құрбыңыз егер сіздің тұрмыс жағдайыңызды көре тұра, сыйлығыңызға өкпелесе, ол сізге шынайы құрбы емес. Өйткені, сізге ең алдымен, өмір бойы бірге болатын күйеуіңіз жақын. Солай емес пе?!

Бір аптаға жетерліктей етіп, азық-түліктің тізімін жасап қойыңыз. Мұнымен сіз артық ысырапшылдыққа жол бермейсіз.

"Біз анау айтқандай бай емеспіз. Сондықтан, арзанын алған дұрыс" деген ойдан да аулақ болыңыз. Не сатып алсаңыз да, тым арзанына жүгіріп, сапасы жағын ұмыт қалдырмаңыз. Өйткені, "арзанның сорпасы татымайды" деген де сөз бар.

Сатып алған затыңыз, аз күнде қолдануға келмей қалса немесе сапасыз болса, екі есе көп шығынданасыз. Сондықтан, сапалы, ұзақ мерзімге қолдануға жарайтынын алсаңыз, сол сәтте қымбат болып көрінуі мүмкін, бірақ, сапалы дүниені сатып алу арқылы көп ақшаңызды үнемдей аласыз.

Жарасымдылық, үйлесімділік, тазалыққа баса мән беріңіз. Өйткені, сіздің кім екендігіңізді айқындайтын ең басты қасиеттер осылар.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1833692-kedej-kjeudi-bajytudy-zoldaryn-bilesiz-be.html