RU

Месут Озил 219 баланың отасының ақшасын төлеп, қайырымдылық жасаған

“Арсенал” командасының жартылай қорғаушысы Месут Озил келіншегі Амине Гульшемен бірге 219 баланың ота жасауына көмектесті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Месут Озил. Фото: іnstagram.com/m10_official
Месут Озил. Фото: іnstagram.com/m10_official: Facebook

Бұл туралы 31 жастағы футболшы өзінің Instagram әлеуметтік желісінде хабарлады.

Мұндай шешімді футболшы жұбайымен бірге қабылдаған. Олар әлемдегі отаға зәру мың балаға көмектеспек.

"219 балаға ота жасалды. Бірақ, алда әлі атқарылар істер көп. Жұбайым екеуміз шілде айында өткен тойымызда әлемдегі отаға зәру мың баланың шығынына ақша бөлеміз деп келіскенбіз.
Қайырымдылық жасаудан шет қалмай ақшаларын аямаған тойдағы қонақтар, жанкүйерлер, бұл жобаға материалдық көмек берген барлық адамдарға және ота жасаған дәрігерлер тобына алғысымды білдіремін. Бұл әлі бастамасы, 2020 жылы да осындай мұқтаж балақайларға көмек қолын созамыз”, - деп жазған  Месут Озил.

Айта кетсек, бұға дейін әйгілі футболшы Месут Озил Қытайдағы ұйғырларды қорғап, әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірген еді.

Осыдан соң қытайлық CCTV телеарнасы "Арсенал" мен "Манчестер Сити" арасындағы матчты экраннан алып тастады.

Сонымен қатар Түркия халқы Озилдің пікірінен кейін Шығыс Түркістандағы мұсылмандарға қолдау көрсету үшін наразылық акциялары өткізді.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1833701-mesut-ozil-219-balany-otasyny-aksasyn-tlep-kajyrymdylyk-zasagan.html