RU
"Шайқалып, теңселіп кетті": Аман қалған жолаушы ұшақтағы жағдайды баяндады

"Шайқалып, теңселіп кетті": Аман қалған жолаушы ұшақтағы жағдайды баяндады

Рассказать Вконтакте

Алматыдағы ұшақ апатынан аман қалған кәсіпкер Аслан Назарәлі қайғылы оқиғаның қалай болғанын айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Фото: Facebook / Денис Кривошеев

Фото: Facebook / Денис Кривошеев

"Мен өзім Алматыда тұрамын. Нұр-Сұлтанда филиалымыз бар. Соған барып, бір шаруаларды реттеп келетін ойым болды. Сөйтіп, таңғы рейске билет алып, астанаға ұшпақшы едім", – дейді Bek Air әуе компаниясының жолаушысы.

Ол ұшаққа отырғанда бәрі дұрыс болғанын, тіпті, жерден сәл көтерілгенде ешқандай ақау байқамағанын айтады. Бірақ, көп ұзамай, лайнер шайқала бастаған.

"Кәдімгідей қайық сияқты ары-бері шайқалып, теңселіп кетті. Сосын ұшақ селкілдей бастады. Мен өзім құлаққап тағып, телефонды қарап отырғанмын. Басында мән берген жоқпын. Ал ұшақтың сол жақ қанаты, одан кейін оң жақ қанаты қатты селкілдеп, артынан "тырс" деген дыбыс шыққанда бір ақаулықтың шыққанын түсіндім. Біреу ұшақты тартып қалғандай болды", – дейді Назарәлі.

Кәсіпкер 15-ші қатарда отырған. Ұшақ апатқа ұшыраған кезде 14-ші қатарға дейін отырған жолаушылардың басым бөлігі зардап шеккен.

"Соққының зардабын 14-ші қатарға дейін отырған адамдар көрді. Алдымда сол жақта отырған бір адамның қысылып қалғаны анық есімде. Бәрі дүрлігіп кетті, балалар жылады. Оң жақта біреу апаттық есікті ашты. Сөйтіп, бәріміз содан шығуға ұмтылдық. Ұшақтың қанатымен түстік. Ол тайғақ болды. Бәріміз құлап, жығылып шықтық қой", – дейді кәсіпкер.

Айтуынша, аман қалған жолаушылар зардап шеккендерге көмек көрсеткен. Біреуді ұшақтан шығарып, біреуіне далада жәрдемдесіпті.

"Көп адам зардап шекті. Себебі 14 қатарға дейін ұшақ қатты бұзылды. Жарақат алғандар өте көп болды. Біреудің аяғы сынды, біреудің басы жарылды. Омыртқасынан жарақат алғандарды көрдік. Біз бәріміз далада болдық.
30 минуттан кейін өрт сөндірушілер келді. Артынан тағы 10 минут өткен соң, спринтер келіп жетті. Оның ішінде медицина мамандары болды", – дейді жолаушы.

Еске сала кетсек, бүгін 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе компаниясының рейсі апатқа ұшырады. Қаза тапқандардың нақты саны мен есімдері белгілі болды.

Апатқа ұшыраған ұшақ экипажы мен диспетчердің сөйлескен жазбасы жарияланды.

Қайғылы жағдайға қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты және зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Ұшақ апатының болжалды екі себебі айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel