RU

Алматыдағы ұшақ апатынан аман қалған студент басынан өткен жайтты баяндады

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Алматы маңында апат болған Bek Air ұшағының бортында Маңғыстау облысының тумасы, 17 жастағы студент Зухра Айболатова да болған. Өмірінде алғаш рет ұшаққа отырған ару әуе апатынан қалай аман қалғанын айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Алматыдағы ұшақ апатынан аман қалған 17 жастағы студент басынан өткен жайтты баяндады

Фото: Instagram / zuhra_aybolatova

Зухра Айболатова жуырда Алматы қаласындағы академия студенті атанған. Бойжеткен қысқы демалысын туыстарының жанында, Нұр-Сұлтан қаласында өткізбек болып, сапарға шыққан.

"Өзім Маңғыстау облысы Құрық ауылында ата-анаммен бірге тұрамын. Бұл жолы өмірімде бірінші рет ұшақпен елордаға, әпкелеріме ұшып бармақ болғанмын.
Жолаушылар ұшаққа мінді. Барлығы туысқандарымен қауышар сәтті күтіп, отбасыларымен мерекені атап өтуге асықты.
Ұшардың алдында әкеме хабарласып, барлығының жоспар бойынша келе жатқанын айттым. Мен өмірімде алғаш рет ұшаққа отырғандықтан, әкем мен үшін қатты алаңдады. Басында бәрі дұрыс болды, алайда кейіннен ұшақ шайқала бастады.
Ол әуеге жоғарылап келе жатты, ал бір кезде әлденеге соғылғандай болды. Содан кейін осындай жағдай тағы да қайталанды, сосын біз құладық", - дейді студент бойжеткен.

Зухраның сөзінше, ұшақ құлағаннан кейін айнала алай-дүлей болған.

"Адамдар айқайлады, баланың жылаған дауысы естілді. Жарақат алған жолаушылар көп болды. Киімдер мен ұшақтың бөліктері айналада шашылып жатты.
Мен құлағанымды кейін түсіндім. Аяғым ауырды, сол себепті қолдарыммен тысқа шығуға тырыстым. Содан кейін жанымнан ер адамды көрдім.
Оның аяғы сынып қалған, қозғала алмады. Мен дәрігерлер келгенше оны қолдап, жанында болуға бел будым.
Арада 30-40 минут өтті, кейін ол өзін қалдырып, менің кете беруімді сұрады", - дейді Зухра.

Оқиғаға орнына келіп жеткен ақ халаттылар студент аруды зардап шеккендермен бірге ауруханаға жеткізген. Зухра тек табанынан жарақат алған.

"Мен ата-анамның нөмірін жатқа білмеймін, сол себепті аман қалғанымды оларға хабарлай алмадым. Жақын құрбыма Instagram арқылы жазу ғана қолымнан келді. Одан ата-анаммен хабарласып, менің аман екенімді айтуды сұрадым.
Содан кейін ата-анаммен сөйлескен кезде олар есеңгіреп қалды. Мен үшін уайымдапты. Мен әлі күнге дейін басымнан осындай жағдайдың өткеніне сене алар емеспін.
Қайтыс болғандардың туған-туыстарының қазіргі халін, тіпті, елестете алмаймын. Олардың кейбірі қарындастарының, біреулері бауырларынның ұшып келуін күтті. Алайда олар сол күйі келген жоқ", - дейді студент.

Зухраның сөзінше, апаттан кейін ол ұшуға қорқып қалған. Десе де, ол ата-анасына ұшақпен ұшып баруға ниетті.

"Мені ек-үш күннен кейін ауруханадан шығарады. Әрине, болған оқиғадан кейін ұшуға қорқамын, бірақ ата-анама Маңғыстауға бәрібір ұшақпен барамын", - дейді Зухра.

Еске сала кетсек, 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе компаниясының рейсі апатқа ұшырады.

Қайғылы оқиға салдарынан 12 адам қаза тауып, 49 адам әртүрлі жарақат алған.

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Алматыдағы ұшақ апатынан аман қалған студент басынан өткен жайтты баяндады
Mailfire view pixel