RU

Он бір жыл Жапонияда тұрып, кәсіби сумошы атанған қазақ азаматы туралы не білеміз

Қазақстандық Сүйініш Худибаев он бір жыл Жапонияда тұрып, кәсіби сумо спортымен айналысып, "макусита" деңгейіне жеткен балуан. Жастайынан еркін күрес, зілтемір көтерумен айналысқан ол, сумоға бет бұру қиын болмады дейді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ el.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: el.kz
Фото: el.kz: Instagram

Сүйініш Худибаевтың айтуынша, сумода "макусита" деңгейі 80 балуанды жыққан кәсіби сумошыларға беріледі екен.

"Сумо әлсіздер айналысатын спорт емес. Мұнда ең басты талап – шыдамды болу...Мен сумоға үлкен дайындықпен келдім деп айта алмаймын. Оның үстіне, Жапонияда аталмыш спорт түрімен айналысатын жалғыз қазақ болдым...Әсіресе, жапон тілінде тіл қатысу маған едәуір қиындық тудырды", - дейді ол.

Сүйініш Түрікменстанда туғанымен, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, отбасымен бірге Ақтауға көшіп келеді. Ол кезде балуан 12-де болған. Кейін үш жылдан соң, Алматыдағы спорт мектебіне түсіп, онда төрт жыл білім алған.

Фото: el.kz
Фото: el.kz: Instagram
"Сонда оқып жүргенде, маған және бірнеше балаға Жапонияда сумо спортынан өтетін Азия чемпионатына қатысуға ұсыныс жасалды. Қуана келістік. Осылайша, керемет қалаға топ ете қалдым.
Солардың арасынан соңына дейін қалған мен болдым. Нәтиже жаман емес. Жапонияда маған Казафузан атын берді. Бұл да мен үшін үлкен жетістік", - дейді ол.

Кейіпкер сол қалғаннан, Жапонияда 11 жыл бойы тұрған. Балуанның сөзінше сумомен айналысатын спортшылардың тамақтануы да өзгелерден қарағанда ерекше екен. Олар күніне 20 мың килокалорияны сіңіру қажет.

Оның сөзінше бұл 200 банан немесе күніне үш келі ет жеу дейді. Ал тамақтанған соң, сумошылар ұйықтау қажет. Себебі бұл әдіс оларға салмақ қосуға көмекеседі.

Сонымен қатар Сүйініш сумода балуандар бір-біріне бейәдеп сөз айтып, жекпе-жектен кейін бір-біріне "сес" көрсетпеулері керек екенін атап өтті. Жапонияда бұл – мәдениетсіздің белгісі дейді. Сол сияқты сумо балуандары самурайлар сынды шаш өсіріп, айдар қоюы тиіс екен.

Ал бір қызығы сумода спортшылар рұқсатсыз үйлене алмайтын көрінеді.

"Жапонияда сумошыларға өте қатал қарайды. Олар шпагақа отыра алуы тиіс. Сосын жаттықтырушының рұқсатынсыз отбасын құра алмайды. Ең қызығы, автокөлік жүргізуге де құқықтары жоқ. Олардың жеке жүргізушісі болуы қатаң қадағаланады", - дейді кейіпкер.

Айта кетейік, Сүйініш Худибаев 2014 жылы Қазақстанға оралған. Бүгінде Маңғыстау облыстық күрес бойынша олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы болып қызмет атқарады.

Алдағы уақытта елімізде сумо федерациясын ашуды жоспарлап отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін 22 жастағы отандасымыз Ерсін Балтағұлдың Жапонияда сумодан жастар арасында чемпион болғанын хабарлаған едік.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1834323-on-bir-zyl-zaponiada-tryp-ksibi-sumosy-atangan-kazak-zigiti-turaly-ne-bilemiz.html