RU

Маңғыстау тұрғыны полицейлер соққысынан соң бүйрегінен айырылғанын айтты (видео)

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Жаңа жыл түні әлеуметтік желіде аурухана төсегінде жатқан азаматтың видеосы пайда болды. Жас жігіт мұндай жағдайға душар болуына тәртіп сақшылары кінәлі екенін айтады. Науқастың сөзінше, ол полицейлер соққысынан ауыр жарақаттанып, бүйрегін алдырып тастауға мәжбүр болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Видеодан кадрлар: Lada.kz

Видеодан кадрлар: Lada.kz

Видеода Ерасыл есімді жас жігіт өңір басшысынан аталған жағдайды реттеуді өтінді. Жәбірленуші полиция қызметкерлерінің қолынан ауыр жарақат алғанын мәлімдеді деп хабарлайды Lada.kz.

Облыстық полиция департаменті жас жігіттің видеоүндеуіне қатысты жауап берді. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ақпараты бойынша, Маңғыстау тұрғыны мен тағы бір күдікті "Мал ұрлау" бабы бойынша ұсталған. Олар Мұнайлы ауданында құрыққа ілінген.

Сонымен қатар, полиция департаменті Ерасылдың мал ұрлағанына қатысты дәлелдер бар екенін атап өтті. Мәселен, күдіктінің көлігін мал ұрламақ болып жатқанда жайылым иесі байқап қойған екен.

Азамат жігіттерді өзі тоқтатпақ болғанымен, қолынан келмеген. Сондықтан, ол достары мен учаскелік полицейден көмек сұраған. Күдіктілерді қолға түсіруге зардап шеккен азаматтың достары да, полицейлер де қатысқан.

Сондай-ақ, күдіктілерді ұстауға жол-патрульдік полициясы қызметкерлері де атсалысып, жол бөгеп тұрған.

Жас жігітерді құқық қорғау органдары қызметкерлері мен үш азамат Басқұдық ауылы аумағында қолға түсірген.

Тәртіп сақшыларының мәліметіне сәйкес, жас жігітке зардап шеккен жайылым иесінің досы соққы жұмсаған. Екінші күдікті жасырынғысы келгенімен, ол ойы жүзеге аспапты. Ұсталған соң екі азамат та Аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілген.

ПД баспасөз қызметінде мәлімдегендей, қолға түскен соң Ерасыл ауырып жүргенін, бірақ ол гастрит болуы мүмкін екенін айтқан. Артынша дәрігерлер шақыртылып, ауруханаға жөнелту жөнінде шешім қабылданған.

Полицияда ұсталған азаматты ешкім ұрмағанын айтып сендірді. Мұны бөлімшеде орнатылған бейнебақылау камералары арқылы тексеруге болады.

Бірақ, тергеу жұмысы басталып кетті. Аталған істе Ерасылға соққы жұмсаған азамат күдікті болып отыр. Ол соққыға қатысы бар екенін де мойындады.

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Маңғыстау тұрғыны полицейлер соққысынан соң бүйрегінен айырылғанын айтты (видео)
Mailfire view pixel