Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Дұғалар оқылып жатты": Bek Air ұшағының апатынан аман қалған жолаушы мән-жайды баяндады

Опубликовано:

Өткен жылдың соңында Алматы қаласынан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Салдарынан 12 адам қаза тапты. Оқыс оқиғаны өз көзімен көріп, ұшақтың ішінде болған Талап Салтанатұлы мән-жайды баяндап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Youtube желісіндегі Bizdin arna арнасына сілтеме жасап.

Фото: Видеодан кадр, ІІМ ТЖК
Фото: Видеодан кадр, ІІМ ТЖК: Instagram
"Ауыр жағдай болды. Оны қайта елестетудің өзі қиын", - деп сөзін бастады ол.

Талап ұшаққа билетті 26 желтоқсан күні алғанын жеткізді.

"Аяқ астынан жұмыс бабымен Астанаға (Нұр-Сұлтанға - ред.) барып келу керек болды. Жанымда әпкем және әйелім болды. Сол үшеумізге билет алдық. Қайтатын бағытқа Air Astana компаниясынан билет алдық.
Сонымен төрт баланы, әпкемнің екі баласы мен өзіміздің екі баламды үйде қалдырдық. Үйде жақында ғана қажылықтан келген ата-әжеміз болды. Таңертең сағат 5:30-да әуежайда болдық. Тіркеуден өттік. 21 қатардан орын бұйырды. 21 қатар ең соңғы қатар екен. Біздің артымызда 22-ші ғана қатар болды", - деді жолаушы.

Оның айтуынша, ұшақ көтерілуге дайындалғанда әуе көлігінің гүрілдеген дауысы естілген.

"Дауыс екінші рет қайталанды. Әйеліме "абайла" дедім. Олар да бәрін білді, сезді. Бәріміз мұсылманбыз ғой, "Алла сақта", "Алла сақта" деп айта бердік. Әйелім әпкемнің қолын ұстап отыр екен.
Оларға орындықты ұста дедім. Өзім де орындықты ұстап алдым. Соны айтып болғанша, апат болды. Барлығы "қас қағым сәтте" өрбіді. Алдыма қарасам борттың төбесі астыға қарай түсіп жатыр екен. Бір кезде ұшақ тоқтады. Қарасам, алдымда екі ғана орын қалған екен", - деді Талап.
Видеодан кадр
Видеодан кадр: Instagram

Талап әпкесінің ұялы телефонын іздеу үшін "фонарьды" қосып жатқан кезде абайсызда камераны басып, ұшақтың ішін суретке түсіріп қалғанын тілге тиек етті.

Жолаушының сөзінше, осы уақытта "керосин ағып жатыр, жарылады" деген айқай естілген.

Осыдан кейін барлық жолаушылар бір-бірін таптап, далаға ұмтылыпты.

Ол әйелі мен әпкесін ұшақтың ішінен алып шығып, өзінен көмек сұраған өзге де жолаушыларға көмектескенін алға тартты.

"Біреулердің басы, біреулердің қола ғана көрінді. Айғай-шу, дұғалар, сүрелер оқылып жатты", - деді аман қалған жолаушы.

Талап аман қалғандардың көбісі жарылыс болады деген оймен, жол жаққа қарай қашып кеткенін жеткізді.

Ол бар ойы жарақат алғандарды әуе көлігінен алып шығу болғанын жасырмады.

"Жолдың арғы бетіндегі жігіттерді көмекке шақырдым. "Жарылыс болмайды" дедім. Екеуі көмекке келді. Сөйтіп, екі-үш жігіт болып он-шақты адамды құтқардық", - деді жолаушы.

Талап төтенше жағдайлар қызметі шамамен бір сағаттай уақытта келгенін жеткізді.

Ол "пикап" көлігімен әуежайға барғанын, алғашқы медициналық көмектің сол жерде көрсетілгенін сөз етті.

Сөз соңына күллі елдің қабырғасын қайыстырған апаттан дін аман қалған жолаушы мұндай қайғылы жағдайлар елде енді қайталанбаса екен деген тілегін білдірді.

Еске сала кетсек, 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе компаниясының рейсі апатқа ұшырады. Бірнеше сағат өткен соң қаза тапқандардың нақты саны мен есімдері белгілі болды.

Апатқа ұшыраған ұшақ экипажы мен диспетчердің сөйлескен жазбасы жарияланды.

Қайғылы жағдайға қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты және зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Роман Склярдың және бірнеше жауапты тұлғаның қатысуымен болған баспасөз брифингінде ұшақ апатының болжалды екі себебі айтылды.

Ал ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қайғылы оқиғаға себеп болуы мүмкін үш нұсқаны атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1834715-dgalar-okylyp-zatty-bek-air-sagy-apatynan-aman-algan-zolausy-mn-zajdy-baandady/

pixel