Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сені қоғам өлтіріп тастады": Отандық жазушы марқұм Жанар Хамитова жайлы ой толғады

Опубликовано:

Отандық жазушы Аягүл Мантай былтыр қайтыс болған белгілі әнші Жанар Хамитованы есіне алып, ол туралы ойын ортаға салды. Қаламды жанына серік еткен ару марқұм өнер иесі жайлы көп ойлайтынын айтып, оны нағыз шынайы адам болғанын жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: әлеуметтік желіден. Коллаж: KAZ.NUR.KZ
Фото: әлеуметтік желіден. Коллаж: KAZ.NUR.KZ: Depositphotos

Аягүл Мантай марқұм әнші мен оның басына туған қиындықтары жайлы өз пікірін Facebook парақшасында жариялаған.

Ол Хамитованың өліміне қоғам кінәлі екенін басып айтты.

"Жанар туралы көп ойлаймын. Ойламайын десең де, санаңның бір түкпірінде тұрады. Оны өмірде көргенім жоқ. Араласқаным жоқ. Бірақ жаныма жақын. Əлде жалғыздығын, жалғыздығының тым терең екенін түсінген шығармын. Жанар секілді адамда дос көп болмайды. Көп адаммен араласса да, жалғыз болады. Егер ол шынайы емес, жасанды болса, өлмес еді. Шынайы адамдардың жаны тым нəзік болады. Шынайы адамдар депрессияға жиі түседі.
Жасанды адамдар өзіне келмейтін əртүрлі образды ойнап, мұңға батпайды. Олар образдан шықпайды. Тіпті əртүрлі образ ойлап табады. Олар күндердің күнінде өзінен жиіркенбесе, өзінен жалықпаса, өзін табуы қиын. Ал шынайы адам рөл ойнай алмайды. Шынайы адам бір-екі өтірік айтса да, өзін кешіре алмайды. Шынайы адамға өмір сүру қиын. Шынайы адамға біздің қоғамда өмір сүру тіпті қиын" , - деп жазды Аягүл.

Сонымен қатар Аягүл Мантай біздің қоғамда шынайы адамдарға өмір сүру әлдеқайда қиынырақ екенін, Хамитованың нәзік жаны елдің ауыр сөздерін көтере алмағынын алға тартты.

"Жанар, егер біз өмірде кездессек не туралы сөйлесер едік? Əрине, жан тыныштығы туралы, жоқ, дəлірегі жан тыныштығын таппай аласұру туралы, депрессия туралы əңгімелесер едік. Депрессияға түскен адамға психолог көмектеседі деген өтірік екенін, айналаңдағы адамдардың жылуы, мейірім, махаббат құтқаратынын, ең бастысы, өзіңді өзің ғана құтқаратынын сен білдің, əрине!

Біздегі көптеген психологтарды жаттап алғанын зуылдатып айтып беретін "сөйлейтін бас" деп түсінем. Сенің де солай түсінгеніңе күмəнім жоқ. Сенің интеллектің жоғары болмаса, сенің жаның қиналмас еді. Сені қоғам өлтіріп тастады. Сенің нəзік жаның ауыр сөздерді көтере алмады. Шынайы адамның жаны тым нəзік болады. Тым жараланғыш болады.

Жаның енді тыныштық тапты ма, нəзігім? Жанар, сен өз өліміңмен жасанды қоғамның, жасанды адамдардың, біреудің тағдырын талқыға салатын тобырдың бетіне түкіріп кеттің. Сен шынайы едің! Ал шынайы адам биік болады. Сен өз биігіңде қаласың. Жалғыздығы терең адам біреуді жақсы көрсе - шын жақсы көреді, рас, жек көрсе - шын жек көреді. Көптің ішінде өзін жалғыз сезінетін адам - менің досым" , - деп қорытындылады Аягүл Мантай.

Айта кетейік, Жанар Хамитова өткен жылдың 16 қыркүйегінде Қарқаралыдағы өз үйінде қайтыс болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1834783-seni-kogam-ltirip-tastady-otandyk-zazusy-markm-zanar-hamitova-zajly-oj-tolgady/

pixel