Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бүйректе тастың пайда болуына әсер ететін басты 7 факторды білесіз бе

Опубликовано:

Әлемнің әрбір оныншы тұрғынының несеп шығару жолдарында тастар пайда болады. Олардың басым бөлігі 20-40 жас аралығындағы еңбекке жарамды халық. Дегенмен, бұл ауру егде жастағы адамдарды да айналып өтпейтін көрінеді. Зерттеушілердің мәліметіне сүйенсек, жасы 70-ке толғандардың 12,5 пайызы осы дерттің зардабын тартады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ El.kz-ке сілтеме жасап.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Осы орайда мамандардың сөзін негізге ала отырып, бүйректе тастардың пайда болуына әкелетін басты 7 факторды ұсынамыз:

1. Сұйықтықтың жетіспеуі

Бүйректе тастың түзілуіне зәрдегі кальций, оксалат, несеп қышқылдың көбейюі әсер етеді. Ағзада су жетіспеуі бұл ауруға ғана емес, көптеген проблемаларға шалдықтыратыны белгілі.

2. Тамақтану рационының дұрыс болмауы

Бүйректегі келеңсіздікке тұзды тағамдармен қатар, тәттіге тым әуестік те әсер етіп жатады. Сол сияқты қызыл және қақталған ет, консервілер, ұлу мен кейбір жасыл өсімдіктер – асжапырақ, балдыркөк, қасқыржем, соя, рауғаштарды да артық пайдалану тұздың түзілуына алып келеді. Ал құрамында кальциі көп сүтті өнімдерді қанша көп ішсеңіз де, бүйрекке зияны жоқ. Ірімшік, сыр, йогурт секілді тағамдарды қорықпай пайдалана берсеңіз болады.

3. Ішектің созылмалы ауруы

Мәселен, Крон ауруы, ойық жаралы колит, созылмалы диарея. Олар ас қорыту жүйесін бұзатындықтан, кальций мен судың сіңуі нашарлап, зәрде кристалл тәріздес затты көбейтіп жібереді.

4. Семіздік

Семіздікке шалдыққандарда, яғни дене салмағының индексі 30-дан жоғарыны көрсететін адамдарда несептас ауруының қаупі екі есе артады.

5. Тұқымқуалаушылық

Бүйректің тас түзуге икемділігі генетикалық фактордан да туындап жатады. Егер туған-туыстарыңыздың бірінде осындай дерт кездескен болса, өз денсаулығыңызға аса сақтықпен қараңыз.

6. Кейбір дәрілік препараттарды қабылдау

Кейбір антибиотиктер (ципрофлоксацин мен сульфаниламидтар), адамның иммун тапшылығы вирусы мен жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы секілді аурулардан емделу үшін қабылданған кей дәрілер; несепайдатқы, мысалы қан қысым жоғары терапияда қолданылатындары (бұл жерде несепайдатқылардың жағымсыз әсері ретінде тастың түзілуіне алып келетіндігін ескерген жөн) тастың пайда болуын ынталандырады.

7. Басқа да аурулардың болуы

Бүйректегі тас төмендегі аурулардың жағымсыз әсерінен туындап жатады:

- белгілі бір генетикалық аурулар (мысалы, медуллярлы кемік бүйрек – бүйрек ұлпасында ісікке алып келетін туғаннан пайда болатын дефект);

- екінші түрдегі диабет (диабет зәрді қышқылдандырады, ал ол өз кезегінде тастың түзілуіне ықпал етеді);

- тұз байлану ауруы (бұл сырқатқа шалдыққан адамның қанында зәр қышқылы көбейеді);

- гиперпаратиреоз (қалқанша жанындағы бездің жұмысының бұзылуынан қан мен зәрде кальций артады);

- бүйрек жеткіліксіздігі.

Дәрігер Ринат Құлмұхаметовтың айтуынша, бүйректе тас пайда болуының алдын алу үшін күніне 10 стақан су ішкен дұрыс. Оның бірін апельсин не лимон шырынымен алмастыруға болады. Себебі, олар тастың құрылуын кешеуілдетеді. Тұзды көбірек пайдаланудан сақтану керек.

Бұдан бөлек, қызыл ет, қақталған шұжық, консерві секілді тағамдарды азайтып, артық салмақтан арылған абзал.

Еске сала кетейік, бұған дейін қан қысымын төмендететін ең пайдалы шырын туралы жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1834905-bjrekte-tasty-pajda-boluyna-ser-etetin-basty-7-faktordy-bilesiz-be/

pixel