RU

Әлеуметтік-саяси және экономикалық жағдайға қатысты халық пікірі жарияланды

Еліміздегі әлеуметтік-саяси және экономикалық жағдай тұрақты. Халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижелеріне сәйкес, бұндай қорытындыны бүгін баспасөз мәслихатында "InfoSystem зерттеу орталығы" қоғамдық қорының директоры Салтанат Ахмедова жария етті.

Айта кетелік, 7-27 сәуірі аралығында 14 облыс пен республикалық маңызы бар Алматы және Астана қалаларында "Қазақстан халқының әлеуметтік-саяси жағдайының серпіні" атты әлеуметтік зерттеу жүргізілген болатын. Сауалнама барысында сарапшылар 1623 респонденттің жауабын талдаудан өткізді.

Сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің басым бөлігі елдегі экономикалық жағдайға оң баға берген. Ағымдағы экономикалық жағдайды тұрақты даму үстінде деп бағалайтындардың жалпы көрсеткіші 89,2%-ды құраған.

Салтанат Ахмедованың айтуынша, қазіргі таңда қоғамда тұрақты оң әлеуметтік-саяси жағдай байқалуда. "Қазақстандықтар арасында елдегі жағдайды, сондай-ақ өз өмір жағдайын оң бағалау басым. Қазақстандағы жалпы жағдайды бағалау серпінін зерттей отырып, болашағына үмітпен қарайтын респонденттер айтарлықтай өскенін көруге болады".

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, елдегі жағдайды "жайлы, тыныш" деп бағалайтындардың үлесі 91,2%-ға өскен. Елдегі жағдай түсініксіз деген пікірдегілердің үлесі 3,6 %-ға азайған. Жауап беруге қиналғандар - 5,2%.

Салтанат Ахмедованың жария еткен мәліметтері бойынша, өзінің және өз отбасының жағдайымен қанағаттанатындардың деңгейі айтарлықтай жоғары - 83,6%, бұл наурыз айындағы көрсеткіштен жоғары болып отыр. Тиісінше, толығымен және жартылай қанағаттанбайтындар үлесі азайып, 15,8 %-ды құрады, яғни ақпан айындағы көрсеткіштен 0,8%-ға төмен болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/183491-eleumettik-sayasi-zhene-ekonomikalyk-zhagdajga-katysty-halyk-pikiri-zhariyalandy.html