RU

Bek Аir ұшағының апатынан аман қалған бортсеріктің әйелі мәлімдеме жасады

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Алматы маңындағы ұшақ апаты кезінде жанқиярлық жасаған экипаж мүшелерінің отбасы олардың еңбегі еленгенін қалайды. Мәселен, апатқа ұшыраған әуе кемесінің екінші бортсерігі Мұрат Сахов өлім мен өмір арасында қалған жолаушыларды жанталаса құтқарған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Фото: КТК телеарнасының видеосынан кадр

Фото: КТК телеарнасының видеосынан кадр

Шахноз Сахова – апатқа ұшыраған әуе кемесінің екінші бортсерігі Мұрат Саховтың жұбайы. Күйеуінің тірі қалғанына мыңда бір шүкіршілік еткен келіншек ұшақ жерге құлаған сәтте үйінде болған. Жағымсыз жаңалықты таңғы тоғызда бір-ақ білген, оған ең әуелі жолдасының досы айтыпты.

"Ол маған, Шахноз, ұйқыңнан оян, ұшақ құлады деді. Қатты шошып кеттім. Жалмажан жылап жүріп күйеуіме телефон шалдым. Мұрат тұтқаны көтерді де: "Менде бәрі жақсы, жарақат алмадым, сабыр ет. Қазір сөйлесе алмаймын, адамдарды шығарып жатырмыз" деп жауап берді. Ол адамдар толық құтқарылғанша, сол жерде болыпты", - деді Шахноз Сахова.  

Келіншектің айтуынша, түс кезінде үйге келген күйеуі қан тиген киімін ауыстырып, мешітке барған. Артынша оны жауап алуға шақыртқан. Ол бірнеше рет тергеушілердің алдында болыпты. Әуе кемесінің қирағанын өз көзімен көрген Мұрат шаңырағында бұл тақырыпты мүлдем қозғамайды.

Айта кетсек, үш ұл тәрбиелеп отырған бортсерік осы мамандық бойынша қызмет еткеніне 3 жыл болған. Жолдасының әлі де өз-өзіне келе алмай жүргенін айтқан келіншек апат кезінде жанқиярлықпен жолаушыларды құтқарған экипаж мүшелері "назардан тыс қалмауы керек" деп есептейді.

"Бір жігіт апат кезінде аяғы ауыр келіншекті денесімен жауып қалған. Оның әрекетіне ерекше сүйсіндім. Кейін оған медаль тапсырғанын көрдім. Сондықтан әйел ретінде күйеуімнен "неге сендер туралы ештеңе айтылмайды" деп сұрадым. Ол мені сабырға шақырғаннан басқа жауап қатқан емес. Ұлдарым әкесін әрқашан мақтан тұтса екен деймін", - деді Мұрат Саховтың жұбайы. 

Әуе аптынан жүрегі шайлыққан келіншек жолдасынан жұмыс ауыстыруын өтінген көрінеді. Бірақ, бір өлімнен аман қалған Мұрат Сахов қызметінен кетпейтінін айтқан.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Еске сала кетсек, 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе компаниясының рейсі апатқа ұшырады.

Қайғылы оқиға салдарынан 12 адам қаза тауып, 49 адам әртүрлі жарақат алған.

Қайғылы жағдайға қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты және зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Bek Air әуе компаниясы брифинг ұйымдастырып, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Олар апатқа себеп болуы мүмкін нұсқаны да атады.

Сондай-ақ компания басшысы ұшақ үйге соғылмаған кезде бәрі аман болар еді деген пікірін де айтты.

Bek Air компаниясының директоры Нұрлан Жұмасұлтанов апатқа ұшыраған әуе кемесінің командирі адамдарды екі рет өлімнен құтқарғанын хабарлады. Әуекомпания директорының айтуынша, командир төтенше жағдайдың алдын алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған және екі рет барлық жолаушыларды ажалдан құтқарған.

Сонымен қатар әуе кемесінің екінші ұшқышы есін жинап, жансақтау бөлімінен бейінді бөлімге ауыстырылғаны хабарланған. Бұл туралы брифингте №4 қалалық клиникалық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айман Байзолданова мәлім еткен.

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы Тілеухан Әбілдаев қаладағы медициналық мекемелерде 27 науқас, оның ішінде жеті бала барын мәлімдеген. Тағы үш адам Нұр-Сұлтанда ем алуда.

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Bek Аir ұшағының апатынан аман қалған бортсеріктің әйелі мәлімдеме жасады
Mailfire view pixel