RU

"Ақтөбеде" доп тепкен футболшының інісі Африканың үздік ойыншысы атанды

"Ливерпуль" мен Сенегал құрамасының шабуылшысы Садио Мане 2019 жылдың қорытындысы бойынша Африканың үздік ойыншысы атанды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: Instagram/sadiomaneofficiel
Фото: Instagram/sadiomaneofficiel: Instagram

Қуанышты хабарды мерсисайдттық ұжым Instagram желісіндегі парақшасында жеткізді.

"Садионы құттықтаймыз! Ол 2019 жылдың қорытындысы бойынша Африканың үздік ойыншысы атанды", - деп жазды "Ливерпуль" клубы.

Аталған жүлдеге Маненің клубтасы египеттік Мохамед Салах пен алжирлік жартылай қорғаушы Рияд Марез де таласқанын айта кету керек.

Дауыс қорытындысы бойынша сенегалдық шабуылшы құрлықтың үздік футболшы атағын жеңіп алды.

2016 жылы бұл марапат "Манчестер сити" ойыншысы Рияд Марезге, 2017, 2018 жылдары Мохамед Салахқа бұйырған.

Жанкүйерлер мен спорт сарапшылары Маненің өткен маусымда жоғары деңгейде өнер көрсеткенін жоққа шығара алмайды.

Ол 2019 жылы "Ливерпуль" клубы сапында Чемпиондар лигасы мен клубтар арасындағы әлем чемпионатын жеңді. Ал Сенегал құрамасының жейдесінде Африка ұлттарының кубогында финалға шығып, күміс жүлдеге ие болды.

Шабуылшының "Алтын доп" марапаты үшін таласта төртінші орынға табан тірегені белгілі.

Ол жылдың ең үздік бәсекесінде Лионель Месси, Вирджил Ван Дейк, Криштиану Роналдуға ғана жол берді.

Садио Мане қазақстандық футбол жанкүйерлерге танымал Малик Маненің туған інісі. Малик "Ақтөбе", "Тараз", "Ақжайық", "Атырау" клубтарында доп тепкен.

Еске сала кетсек, туриндік "Ювентус" пен Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду кезекті рекордына қол жеткізді.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1835088-aktbede-dop-tepken-futbolsyny-inisi-afrikany-zdik-ojynsysy-atandy.html