RU
Тоқаев Парсы шығанағы аймағындағы ахуалдың шиеленісуіне алаңдаушылық білдірді

Тоқаев Парсы шығанағы аймағындағы ахуалдың шиеленісуіне алаңдаушылық білдірді

Рассказать Вконтакте

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент әкімшілігі басшылығының, премьер-министрдің орынбасарының, Қауіпсіздік кеңесі хатшысының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының, сыртқы істер министрінің, қорғаныс министрінің, ішкі істер министрінің және Қарулы күштер бас штабы бастығының қатысуымен кеңес өткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен басқа да ведомство басшылары Таяу Шығыстағы қазіргі ахуал туралы баяндады.

Қазақстан президенті Парсы шығанағы аймағындағы ахуалдың күрт шиеленісуіне алаңдаушылық білдіріп, аталған іс-қимылдарға қатысушы тараптардың барынша ұстамдылық танытуы қажеттігін айтып, қақтығыстарды дипломатиялық әдіс-тәсілдермен, ең алдымен, бұл іске БҰҰ араластыра отырып, сондай-ақ екіжақты байланыстар мен келіссөздер арқылы реттеу мүмкін екенін атап өтті.

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Кеңес қорытындысы бойынша мемлекет басшысы Қазақстанның Таяу Шығыстағы елшіліктері мен ондағы қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, еліміздегі шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен компаниялар кеңселерінің қауіпсіздігін сақтау үшін шаралар қабылдауды, мемлекетіміздің ұлттық мүддесіне қатысты маңызды ақпараттарды алу және талдау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму және қорғаныс әлеуетін күшейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Еске сала кетейік, жақында АҚШ-тың арнайы операциясы нәтижесінде "Аль-Кудс" ислам революциясы күзеті корпусының қолбасшысы – генерал Касем Сулеймани қаза тапты. Арнайы операцияға жауапкершілікті Пентагон өз мойнына алып, генералды өлтіру туралы бұйрықты президент Трамптың өзі бергенін мәлімдеді.

Осылайша, АҚШ Бағдаттағы елшіліктеріне жасалған шабуылға жауап қайтарды. Аталған оқиғадан кейін Тегеран қатаң түрде кек алуға уәде берген болатын.

Осыдан кейін Иран АҚШ-тың Ирактағы әскери базасына екінші зымыран ұшыратынын мәлімдеді.

Сондай-ақ Иранда қаза болған генералмен қоштасу рәсімі кезінде Дональд Трамптың басы үшін 80 млн доллар сыйақы тағайындалған. Бұл қаражат ирандықтардан жиналмақ болғаны айтылды. Дегенмен Иран билігі бұл ақпарды ресми растаған жоқ.

Кеше қайтыс болған Иранның әскери жетекшілерінің бірі болған генерал Кассем Сүлейманияның кіші отаны Керман қаласында жерлеу рәсімі өтті. Қаланың орталық алаңына мыңнан астам адам жиналды. Көпшілік қыспағының салдарынан елуге жуық адам жарақат алып, отыз бес адам қайтыс болған.

Сіздің реакцияңыз
0
1
0
0
0
0
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel