RU

Мадридтік "Реал" Испания суперкубогының финалына шықты (видео)

Рассказать Вконтакте

Мадридтік "Реал" Испания суперкубогының финалына шықты. Ақтық мәре үшін таласты корольдік клуб "Валенсияны" 3:1 есебімен жеңді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы "Реалдың" Instagram желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.

Фото: Instagram/realmadrid

Фото: Instagram/realmadrid

Тартысты матч Сауд Арабиясында өтті.

Есепті алғашқы таймда мадридтік "Реал" мен Германия құрамасының жартылай қорғаушысы Тони Кроос ашты. Қақпашының шығып кеткенін аңғарған неміс футболшысы 15 минутта бұрыштамадан гол соқты.

Ойынның 40 минутында Иско есепті еселеді. Испания құрамасының жартылай қорғаушысы айып алаңында "Валенсия" қорғаушыларының қателігін сәтті пайдаланып кетті.

Екінші тайм екі клубтың толассыз шабуылдарымен басталды.

"Валенсия" командасының бірнеше қауіпті шабуылдары нәтижесіз аяқталды.

Матчтың 65 минутында "Реалдың" хорватиялық легионері Лука Модрич қарсыластың қақпашысынан айласын асырды.

Ал "Валенсия" клубы ойынның соңғы минуттарында есепті бір допқа дейін қысқарта алды.

Ұжым капитаны Дани Парехо он бір метрлік айып добынан мүлт кеткен жоқ.

Жартылай финалдың екінші ойыны бүгін, 9 қаңтарда түнде өтеді.

Ақтық мәреге берілетін екінші жолдаманы "Барселона" мен "Атлетико" клубтары өзара сарапқа салмақ.

Еске сала кетсек, осыған дейін 2019 жылы Инстаграмда ең көп қаржы тапқан жұлдыздар жайлы жазған болатынбыз.

Көшті "Ювентус" пен Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду бастап тұр. Екінші орында аргентиналық футболшы Лионель Месси.

Желі арқылы пайда табу жолында алғашқы үштікті Кендалл Дженнер қорытындылады.

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Мадридтік "Реал" Испания суперкубогының финалына шықты (видео)
Mailfire view pixel