RU

Алматы облысында үш жасар бала желшешектен көз жұмды

Алматы облысында желшешекпен ауырған үш жасар бала қайтыс болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Время" басылымына сілтеме жасап.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Кішкентай бала желшешекпен өткен жылы желтоқсан айының басында ауырған. Ауру белгілері байқалған соң баланың ата-анасы бірден жедел жәрдем шақыртқан. Әкесі Александрдың айтуынша, сәбидің денесіне жасыл дәрі жағып қойған. Бастапқыда бәрі дұрыс болған.

Содан соң үш жасар баланың сол аяғы ауырады. Александр ұлын ертіп, өздеріне қарасты Жамбыл аудандық амбулаториясына барған. Ондағы мамандар ем жазып беріп, баланың жағдайы жақсарғандай болған. Артынша кішкентай баланың сол қолы ауырады. Ертесіне әкесі ұлын алып тағы да емханаға барған. Дәрігер балаға ибуфен жазып беріп, қайтарып жіберген.

Осыдан кейін үш жасар баланың жағдайы күрт нашарлай бастапты. Тіпті оның сол жақ қолы ісініп кеткен. Александрдың айтуынша, жедел жәрдем шақыртқанымен олар екі сағаттан астам уақытта бір-ақ келген.

Қарасай аудандық ауруханасына келгеннен кейін тұрақты тіркеуі облыстық болғандықтан оларды Өтеген батыр ауылындағы Алматы өңірлік балалар клиникалық ауруханасына жіберген. Осы кезде Александр тағы да 30-40 минуттай жедел жәрдем көлігін күтіпті. Қаскелеңнен Өтеген батырға жеткен кезде баланы бірден жансақтау бөліміне жатқызған.

Ауруханадан қажетті дәрі табылмағандықтан Александр әйелімен бірге дәріханаларға сатып алуға кеткен. Осы сәтте бейтаныс нөмірмен ер адам хабарласып, шұғыл ауруханаға оралуларын сұрапты.

Жансақтау бөлімінің бас дәрігері қолдарынан келгеннің бәрін жасағанын, алайда баланың қайтыс болғанын жеткізген.

Дәрігерлердің айтуынша, үш жасар балада желшешектің асқынған түрі - энцефалит болған. Сондай-ақ ақ халаттылардың сөзінше, дер кезінде қолындағы іріңді алып тастағанда кішкентай баланы аман алып қалуға болар еді.

Баланың ата-анасы ұлдарының өліміне қатысты тексеріс жүргізілгенін талап етті. Сонымен қатар олар сотқа арыз түсіріп, прокуратураға жүгінбек.

Осыдан кейін Қазақпараттың жазуынша, Денсаулық сақтау министрі Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова Facebook-тегі парақшасында үш жасар баланың өліміне қатысты жоспардан тыс тексеріс жұмыстары басталып кеткенін хабарлаған.

"ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың тапсырмасымен желшешектен көз жұмған баланың жағдайына қатысты тәуелсіз сарапшылар шақырылып, жоспардан тыс тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Желшешек диагнозы қойылған кезде балаға көрсетілген медициналық көмектің дұрыстығы тексеріледі", - деп жазған Людмила Бюрабекова.

Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтанда анасымен бірге тіс дәрігеріне барған екі жасар баланың комаға түсіп қалғаны хабарланған.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1835322-almaty-oblysynda-s-zasar-bala-zelsesekten-kz-zmdy.html